Мәдениет

«Асыл мұра» орталығының негізін қалаушылардың құрметіне мемориал тақта орнатылды

«Асыл мұра» ғылыми орталығы 2001-ші жылы 1-ші ақпанда ашылған. О бастағы мақсат – зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өңір тарихын жаңғырту. Осыншама уақыт аралығында жергілікті өлкетанушылар өмірбаяны беймәлім тұлғалар жайлы тереңірек мәлімет іздеген. Нәтижесінде, Қожаберген жырау, Ер Есеней, Баян Батыр сынды алыптар жайлы 70-ке жуық еңбек жарық көріпті.

Өмірзақ Озғанбай, ҚР Жоғарғы мектебі ғылыми академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Қаншама очерктер, қаншама ұмытылған адамдар туралы жазылған мақалалардың барлығы халықтың санасын жаңғыртты. Осы кісілердің өздері тарихты жаңғыртып, ұрпақтың санасына сіңіру арқылы өздері де тарихқа айналып тұр. Халық ардақтайтын тұлғаларға айналды.

Ғалым Қадырәлі, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев. Біртуар тұлғалар – «Асыл мұра» ғылыми орталығының негізін қалаушылар. Ізденімпаз жандарды еске алып, ерен еңбектерін дәріптеу мақсатында тарихи-өлкетану музейінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Социал Жұмабаевтың зайыбы Мейіз Мұстафина Нұр-Сұлтаннан арнайы келген.

Мейіз Мұстафина, Социал Жұмабаевтың зайыбы:

– Социал – ерекше адам. Ешкімді ренжітпейтін, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын. Кіші адамға қамқор болып, үлкенге ибалылығын сездіріп жүретін. Бүгін Алла Тағала өзінің жарқыраған күнін беріп тұр.

Сонымен қатар, келушілер назарына «Асыл мұра» ғылыми орталығының еңбектері көрме ретінде ұсынылды.

Алтынай Казиканова