Спорт

Сергеевкада салауатты өмір салтын ұстанған жандардың саны артуда

Қанат Ақтас жастайынан спортқа әуес. Оқушы кезінде футбол, күрес, үстел теннисі секілді үйірмелерге қатысып, түрлі сайыстарда аудан намысын қорғапты. Азамат қазір де салауатты өмір салтын ұстанады. Бүгінде 27 жастағы жігіт дене бітімін сақтау үшін фитнеспен айналысады екен.

Қанат Ақтас, Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Қарағандыда оқып жүрген кезімнен бастап фитнеске баруды әдетке айналдырдым. Ал, Сергеевка қаласында бұрын мұндай заманауи спорт кешені болмады. Қазір осында аптасына 3 рет келіп жаттығамын. Фитнес орталықта тренажерлердің түр-түрі бар. Барлығы жаңа әрі заманауи.

Орталыққа келушілердің саны күн сайын артып келеді. Жастардың көбісі бос уақыттарында осы жерге келіп, бой сергітеді екен.

Аяулым Нүсербай, Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Бұрын бимен айналыстым. Қазір күреспен шұғылданамын. Кейбір күндері осында жиналып футбол ойнаймыз.

Сергеевка қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені осыдан 2 ай бұрын қолданысқа тапсырылды. Келемін деушілер спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Мұнда ересектерден бөлек, мектеп оқушылары үшін де жағдай жасалған.

Бекболат Қозкенов, Шал ақын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы:

– Мұнда жаттығу залы, футбол, баскетбол секциялары бар. Қызығушылық танытып жатқан жандар көп.

Жалпы, «Құлеке батыр» спорт кешенінің құрылысына облыстық бюджеттен 472 млн теңге бөлініпті. Қазіргі күні орталыққа 130-ға жуық адам тұрақты түрде келіп жүр. Айта кеткен жөн, секциялардың барлығы тегін.

Бердимурат Баймухан