Спорт

Петропавлдық спортшыларға арналып жатақхана салынып жатыр

Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде 100-ден аса жас оқиды. Қазіргі күні олар осындағы интернатта оқушылармен бірге тұрып жатыр. Колледж директоры Бақыт Арықбаевтың сөзінше соңғы кездері жатақханада орын тапшы бола бастапты. Осыған орай жергілікті биліктен жаңа нысан тұрғызып беруді сұраған.

Бақыт Арықбаев, СҚО олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры:

Студенттер олимпиадалық спорттың 13 түрімен айналысады. Спортшылардың барлығы тегін тұрады. 5 уақыт тамақтанады. Мектеп жанынан колледж ашылғаннан бері интернатта тұратын ұл-қыздардың саны артты. Себебі, оқушылар 11-ші сыныпты тәмамдаған соң өзімізде қалады.

Мәселе келесі жылдың аяғында шешілмек. Қазіргі уақытта колледж маңында су жаңа жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Жобаны бастауға облыстық бюджеттен 800 млн теңгеден аса қаржы бағытталған.

Сергей Поддубов, мердігер серіктестіктің бригадирі:

Жатақхана негізінен құрастырылмалы материалдардан тұрғызылады. Құрылыс материалдары қымбаттамайтын болса нысанды уақытылы тапсырамыз. Шаруаны тамыз айында бастадық. Қазіргі күні іргетасын құйып болдық. Енді қабырғаларын көтеруге кірісеміз.

Жатақхана 9 қабатты болады және 244 орынға шақталып тұрғызылады. Нысанның астыңқы қабатында асхана, фитнес залы мен медициналық көмек көрсетілетін бөлме орналасады.

Бердимурат Баймухан