Қоғам

СҚО-да «Ashyq» жобасы арқылы ереже бұзған 66 тұрғынға айыппұл салынған

Әлемді аты жаман індет жайлағалы бері өміріміз күрт өзгерді. Бұрындары халық сауда үйіне немесе жұмысқа емін-еркін кіре беретін. Ал қазір бәрі басқаша. «Ashyq» жобасында статусыңыз «жасыл» мен «көк» түсті көрсетпесе, күзетші мекемеге өткізбейді. Барлығы – алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін. Қатаң талапқа теріскейлік ағайын үйреніп қалған.

– Ешқандай проблема болған жоқ. Кез келген мекемеге «Ashyq»-пен кіреміз. Өзіміз үшін әрі қоршаған ортамыз үшін жақсы.

«Ashyq» жобасының қолға алынғаны жақсы болды. Айналаңдағы жандардың вакцина алғанын біліп, алаңсыз жүресің.

«Ashyq»-та әзірге ешқандай ақау байқалмады. Дегенмен, жаңа қолдана бастаған кезде сәл қиындау болды. Сонда жас қыз-жігіттер көмектесіп, ақыры үйреніп алдым.

Соңғы уақытта Петропавлда карантин режимін бұзушылар көбейген. Яғни, қалалықтар қоғамдық орындарға «қызыл» статуспен өтіп кететін көрінеді. Дерек базаға еніп, азаматтарға 90 мың теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін. Жоба қолға алынғалы 2 млн 797 мың теңгеге 66 солтүстікқазақтандықтың қалтасы қағылған.

Серік Аусатов, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Көп жағдайда адамдар 14 күнге карантинге жабылғаннан кейін, соңында үйде жатып статустарын тексергілері келеді. Таныстарынан қоғамдық жерлердегі кодты суретке түсіріп жіберулерін сұратады екен немесе оларға ұялы телефондарын беріп жібереді. Осылайша, базаға азаматтар ереже бұзушы ретінде тіркеледі. Сондықтан, мұндай әрекеттен аулақ болуға шақырамыз.

Сөз соңында қоса кетейік, науқастанған жандар өздерінің статусын ashyq.kz сайтына кіріп көрулеріне болады.

Алтынай Казиканова