Құрылыс

Петропавлда көпқабатты 26 үйдің құрылысы жүріп жатыр

Берекедегі 5 қабатты үйдің 3-ші қабаты тұрғызылып жатыр. Іске “Құрылыс-Сервис СК” серіктестігінің жұмысшылары жұмылдырылған. Шаруаға тамыз айында кіріскен кәсіпорын өкілдері бүгінде жұмыстың тең жартысын тындырып үлгерген.

Қолданылып жатқан материалдың барлығы – отандық өнім. Материал қоры жеткілікті. Жетіспейтіні – кадр.

Арман Мұқышев, “Құрылыс-Сервис СК” ЖШС учаске шебері:

– Қазір 40 адам жұмыс істеп жатыр. 1 кран мен 2 трактор жұмылдырылған. Кірпіш қалайтын адамдар жетіспейді. Қазір сондай мамандарды іздестірудеміз.

100 пәтерлі үйдің құрылысына жергілікті қазынадан 1 жарым млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінде бұл соманың 380 млн-ы игеріліпті. Жоспар бойынша нысан халық игілігіне жыл соңына дейін берілуі тиіс. Бұл үйге әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтар үміт арта алады. Осы орайда айта кетейік, бүгінде Петропавлда көпқабатты 26 үй салынуда.

Ермек Рахымжанов, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

– Биыл 26 үйдің 12-сін қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Оның барлығы – бюджеттік. “Жас Өркенде” – 6-ау, Уәлиханов көшесінде – 3-еу және “Береке” ықшам ауданында 3 нысанның таспасы қиылады. Айта кетерлігі, бұл үйлердің бәрі жалдамалық-коммуналдық бағдарлама бойынша беріледі.

Қызылжарда келесі жылы да құрылыс қарқын алмақ. 2022-де солтүстікқазақстандықтарға 12 үй тапсыру жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев