Қоғам

Налобино ауылындағы оң өзгерістер

Сарбай Балқашев Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылына 90-шы жылдары көшіп келген. Бертінге дейін өзі тұратын көшеде не жарық, не жөнді асфальт болмаған екен. Салдарынан тұрғындар көктем-күзде саз-батпақтан көз ашпаған. Мәселе биыл жазда шешімін тапты. Көше жарықтандырылып, тақтайдай тегіс жол салынды.

Сарбай Балқашев, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Асфальт салынды. Бәрімізге де жақсы болды. Жаңбыр жауса да аяғымыз құрғақ жүреді. Немерелеріме де оңды болды. Жаңа жолдың үстінде велосипед теуіп жүреді. Енді қаладан ауылға кіреберістегі жолды дұрыстаса екен дейміз.

Налобино ауылында биыл сумен жабдықтау желілері де қайта жөндеуден өткен. Нәтижесінде тұтас көше бойына құбырлар өткізіліп, елді мекен тұрғындарының басым көпшілігі тіршілік нәрін үйлеріне тартқызып алған.

Нағытбайлар жанұясы – тіршілік нәрін баспанасына кіргізіп алған ауылдағы алғашқы отбасылардың бірі. Бұған дейін ерлі-зайыпты суды жарты шақырым жерде орналасқан құдықтан тасыпты. Былтырғы қақаған қыста біраз әбігерге салындық дейді отағасы.

Әлем Нағытбай, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Көптен күткен ауыз су біздің үйімізге де жетті. Баспанамыз бірден қаладағы пәтерге айналып шыға келді. Автоматты кір жуғыш машинасын қойдық. Зайыбымның қуанышында шек жоқ. Енді алдағы уақытта душ кабинасын орнатпақшымыз.

Налобино селосында 380-ге жуық үй бар. Бүгінде олардың 200-і орталықтандырылған су желісіне қосылған. Өзге тұрғындар тіршілік нәрін баспаналарына алдағы уақытта кіргізіп алуды жоспарлап отыр екен. “Тиісті жұмыстар келесі жылы жалғасады”,- дейді Налобин ауылдық округінің әкімі Людмила Малкова.

Людмила Малкова, Налобин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Елді мекендерді абаттандыру шеңберінде Налобино ауылында биыл біраз жұмыс атқарылды. Ұзындығы 650 метрді құрайтын ауылішілік жолдар қалыпқа келтірілді. Көшелерге жарық шамдары орнатылды. Су құбыры жөнделді. Бұл мәселелерді тұрғындар әрдайым есептік кездесулерде көтеретін.

Айта кету қажет, алдағы уақытта мыңға жуық адам тұратын Налобино ауылында тұрғандардың саны артпақ. Келесі жылы мұнда Түркістан облысынан 3 отбасы қоныс аударғалы отыр. Келетін ағайынға арналып су жаңа баспаналар салынып қойған.

Дана Ешкенова