Қоғам

Үздік бастауыш кәсіподақтар ұйымы марапатталды

Еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалап, жұмыс істейтін жандардың мүдделері мен құқықтарын қорғау. 2019 жылдан бері еліміздегі кәсіби мерекелер қатары Кәсіподақтар күнімен толықты. Қазақстан бойынша дәл осы қоғамдық ұйымға 2 млн адам мүшелік етеді. Олардың 65 мыңы – теріскейліктер.

Ерік Нұрақаев, СҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы:

– Біздің мүшелеріміздің барлығы – еңбек адамдары. Станоктың, партаның басында тұрғандар, ауруханада еңбектенетіндер.

Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі десе, ішкен асын жерге қоятындардың бірі – Елена Тимощук. Ол Ғ.Мүсірепов аудандық мәдениет қызметкерлерінің бастауыш ұйымын осымен 18-ші жыл басқарып келеді. Бүгін төккен тері үшін нәзікжандыға “Еңбек озаты” медалі табысталды. Елена Тимощуктің жетекшілігімен кәсіподақ мәдениет саласында талай істің басын қайырған.

Елена Тимощук, Ғ.Мүсірепов аудандық мәдениет қызметкерлері бастауыш кәсіподақтар ұйымының төрайымы:

– Біз 8 жыл бойы кітапханашылар мен архив қызметкерлерінің зиянды еңбек жағдайы мәселесін көтердік. Мамандар мыңдаған кітап және құжатпен жұмыс істейді. Мұндай жерлерде шаң кенесі болады. Оның денсаулыққа келтірер қаупі зор. Біз проблеманы аудан, облыс және республика көлемінде айттық. Нәтижесінде соңғы 4 жыл қызметкерлерге ай сайын қосымша ақы төленетін болды.

Бүгінде ұйым елді мекендерде тұратын мамандарға тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына қажет бірреттік көмек көрсетілуін сұрап келеді. Бұрын мұндай қолдау болыпты, көлемі мың теңгені құраған. Қазір оны қайта жаңғыртып, сомасын бір тонна көмір мен бір текше метр отын алатындай 24 мыңға дейін көтеру қажет дейді Елена Тимощук.

Марапатталғандардың арасында облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев те бар. Ақ халатты төрағалық ететін кәсіподақ емдеу мекемесінде бар-жоғы 2-ақ жыл жұмыс істеп келеді. Бертінде құрылса да бастауыш ұйым республика көлемінде үздіктер қатарынан көрініп үлгерді.

Шыңғыс Нұрғалиев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бастауыш кәсіподақтар ұйымының төрағасы:

– Біздің кәсіподаққа 347 маман мүшелік етеді. Барлығына бірдей әлеуметтік, құқықтық қолдау танытамыз. Әсіресе, қиын жағдайға тап болған әріптестерімізге көмек қолын созуды әдетке айналдырдық. Баспанасы өртеніп немесе пәтер жалдауға шамасы жетпегендерді өз қанатымыздың астына аламыз. Қаражат бөлеміз, облыстық балалар ауруханасына қарасты жатақханадан бөлмемен қамтимыз.

Салтанатты жиын барысында кәсіподақ саласында еңбегімен еленіп, жақсы нәтиже көрсеткен 20-дан аса бастауыш ұйым төрағасы марапатқа ие болды. Кәсіби мерекелері қарсаңында жетекшілер медаль, алғыс хат және грамоталарға ие болды.

Эльмира Садвокасова