Қоғам

Тұңғыш Президент саябағында 30 түп шырша отырғызылды

Жергілікті кәсіподақ ұйымдарының өкілдері ескі саябаққа таңғы 9 шамасында жиналды. Осында өздерінің атындағы аллея бар. Кәсіподақ өкілдері бүгін саябақтағы жасыл желектің қатарын толықтырып ағаш екпекші. Көптің бірі – Қанаш Смаилов. Игі іске білек сыбана кіріскен жан – “SENIM” денсаулық сақтау кәсіподағының мүшесі. Жедел жәрдем көлігін 10 жылдан бері тізгіндеп жүрген азамат қатарластарына қосылып, шараға қатысуды жөн деп тапқан.

Қанаш Смаилов, “SENIM” денсаулық сақтау кәсіподағының мүшесі:

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарсы жақсы іс-шара өтуде. Кәсіподақтар аллеясына ағаш отырғызып жатырмыз. Мен биыл бұл жұмысқа бірінші рет қатысып отырмын. Бұған дейінгі жылдары жұмыста болып, өкінішке қарай қатыса алмадым.

30 жылдыққа – 30 түп шырша. Бұл акция тұғырлы тәуелсіздіктің мерейтойына және кәсіподақтар күніне арналып отыр. Оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ұйым өкілдері қатысуда. Айта кетейік, мұндай іс-шара шаһарда 3-ші жыл қатарынан өткізілуде.

Қайрат Үстеміров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қос мереке қарсаңында облыс орталықтарының барлығында осындай акция өткізіліп жатыр. Кәсіподақтар күніне орай ардагерлер мен белсенді жандар марапатталады. Жалпы, кәсіподақтар аллеясына ағаш отырғызу жұмыстары жыл сайын көктем мен күзде ұйымдастырылады.

2019 жылдан бері Петропавлдағы кәсіподақтар аллеясына 93 сібір шыршасы отырғызылыпты. Айта кету қажет, бүгінде елімізде 40 мыңға жуық кәсіподақ бар. Оған 2 млн-нан астам адам мүшелік етеді.

Алдияр Айтпаев