Қоғам

Сергеевкаға Ираннан 10 отбасы көшіп келді

Мұхаметреза Бәли – 2 апта бұрын Ираннан қоныс аударған жандардың бірі. Қазір азамат бел жазбай қысқа қамдық жұмыстарын жүргізуде. Солтүстіктің ауа райы суық. Климатқа үйренгенше үйдің ішін ыстық қып ұстау керек дейді. Отын жергілікті әкімдіктен берілген екен.

Мұхаметреза Бәли, Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Ираннан келдім. Қазақстан ұлтына қосылу үшін келдік. Мұнда бізге үй берді. Жұмыс береміз дейді. Жақында отын әкелді, бірнеше күннен соң көмір түсіреміз.

Мұхаметрезаның отбасы Түркияға жақын тұрыпты. Сол жақта жұмыстары болған. Осы орайда парсылардан бөлек бауырлас мемлекеттің де өмір сүру салты балаларының өміріне, тіліне әсер ете бастаған екен. Ұл-қыздарына ана тілін ұмытқызбаудың жалғыз жолы Қазақстанға көшу болыпты.

Мұхаметреза Бәли, Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Түркияда 15 жыл болдым. Жолға шыққанда бір-бірімен түрікше сөйлесіп жүрген қазақ балаларын көремін. Сосын әйелім «ұрпағымыз ана тілін ұмытпасын, Қазақстанға көш бар екен, кетейік» – деді.

Алтын, күміс жауған жерден, ата қоныс ел артық. Иранда жағдайымыз жақсы болды, бірақ, сонда да адам өзін басқа мемлекетте жетім сезінеді екен. Атамекеннің ауа райы қанша суық болса да жанымыз Қазақ елінде жай тапты дейді қандастар. Жергілікті тұрғындар да оларды жылы қарсы алыпты. Қолдарынан келгенше азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көмек көрсетіп жатыр екен.

Құрбангүл Бегей,Сергеевка ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Келген кезде су болмады. Қазір бәрін қосып берді. Әкімдік балаларың бар деп көмек беріп жатыр. Көп рақмет.

Қандастарымыз Адай руынан болады. Ата тектерін ұмытпаған. Қазақ мәдениетіне тән салт-дәстүрлерді де берік ұстанады екен. Осы орайда Ираннан қоныс аударған ақсақалмен де жүздестік. Айтуынша ол жақтағы қазақтар бір-бірімен тек ана тілінде сөйлеседі және тығыз қарым-қатынас жасайды. Себебі, ұлттық құндылықтарды ұмытпау қажет. Ағайындар, тіпті, әлі күнге дейін балаларын бесікке бөлейміз дейді.

Абдіуахаб Бектер, Сергеевка ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Туылған баланы үйге әкелген соң шашу шашамыз. Артынан бір аптадан кейін жеңгелері жиналып баланы «тыштырма» деп бесікке бөлейді. Апалар бесіктің ортасындағы қуыстан балалардың қолына тәтті-тәпсек тастайды.

Қандастар қазақ тілінде сөйлесе де хатты парсы тілінде жазады. Қазіргі күні жергілікті әкімдік өкілдері ағайынды «кирилл» қарпін оқуға үйретіп жатыр.

Арман Дүйсенбинов, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– Аптасына 3 рет тегін курс аштық. Әріп жазуды үйретеміз. Балалар мектепке кірді. Оларға оқу құрылдары мен мектеп формасын алдық.

Қазіргі күні қандастардың құжаттары рәсімделіп жатыр. Іске жарамдылары жергілікті шаруашылықтарға жұмысқа тұрғызылуда. Білім алған, қолдарында дипломы бар жандар да алдағы уақытта қызметке орналастырылады.

Бердимурат Баймухан