Денсаулық сақтау

Петропавлда “Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту” орталығы ашылды

Бұрын бұл нысанның 2-ші қабатында педиатр бөлімшесі болған. Яғни, мұнда қант диабеті мен жүрек ауруына шалдыққан балалар емделіпті. Қазіргі күні аталған емдеу орны 5-ші қабатқа ауыстырылып, оның орнында «Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту» бөлімшесі пайда болды.

Ольга Киселева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесінің меңгерушісі:

– Мына баланың жамбас сүйектері сынған. Біз оны аспалы жүйе арқылы жүруге үйретіп жатырмыз. Заман игілігі қалыпқа келу процесін жеделдетеді. Осылайша, балалар ақсамай, жылдам аяққа тұрып кетеді.

Су жаңа орталыққа ата-аналар 18 жасқа дейінгі балаларын әкеліп емдете алады. Ұл-қыздар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда аяқ-қол қимылын жетілдіруге арналған тренажерлер, швед қабырғалары, ұсақ моторика мен тепе-теңдікті дамытуға қажетті қондырғылар бар. Сондай-ақ, логопедтің көмегіне де жүгінуге болады.

Мария Паничева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесінің логопеді:

– Бұл кабинетке балалар демалу үшін келеді. Сондай-ақ, олардың сөйлеу қабілетін дамыту бойынша жаттығулар жасалады. Одан бөлек, тұтығып сөйлейтін ұл-қыздарды осы жерде емдейміз.

Татьяна Кожевникованың 2 ұлы бар. Үлкені 9 айлығында инсультқа шалдыққан екен. Балақай жыл сайын күрделі оңалту шарасынан өтіп тұруы қажет. Бұрын оны анасы жүздеген шақырымды еңсеріп, елордаға апарып жүріпті. Айтуынша, бұған біраз қаржы мен күш-қуат кетеді. Енді аталған көмекті алысқа бармай-ақ облыс орталығыда тегін алмақ.

Татьяна Кожевникова, Соколовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Жаңа орталық ашылып біраз машақат артта қалды. Мамандардың бәрі білікті. Бізге қажетті көмекті толық көрсетті. Қазір баламның денсаулығы жақсарып келеді. 13 күн жатырмыз. Ертең үйге қайтатын шығармыз.

Жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. Аталған ұйым орталықты жөндеп, қондырғы орнату үшін 80 млн теңгеден астам қаржы бөлген.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Берілген ақшаға 49 медициналық қондырғы алдық. Бұрын облысымызда 2 мың бала оңалтудан өтсе, енді бұл көрсеткіш тағы 500-ге артты.

Жалпы, аталған орталықта жыл сайын 600-ге жуық бала толық систематикалық оңалту шарасынан өтетін болады. Қазіргі күні мұнда 18 ұл-қыз ем қабылдап жатыр. Айта кеткен жөн, медициналық көмектің барлығы тегін көрсетіледі.

Бердимурат Баймухан