ТКШ

Балалар үйінің тәрбиеленушісін өлдіге санап, баспана кезегінен алып тастаған

Наурыз айында үй кезегінен шығарылғандығын білген Александр Рябуха бірден қалалық әкімдікке келген. Ондағы мамандар арнайы базада техникалық ақау орын алғанын айтып, мәселе тез арада шешімін табады деп шығарып салған. Көп ұзамай жігіттің деректері тізімнен шығады. Бірақ, Александр аты-жөнін өзі күткен тізімнен емес, қаза болғандардың қатарынан табады.

Александр Рябуха, қала тұрғыны:

– Қателікті түзейміз деген соң мамандарға кешіріммен қарап, мәселеге аса мән бермедім. Одан кейін мүлде ұмытып кеттім. Осыдан бірнеше күн бұрын досым кезектің жылжығандығын айтты. Өзім жайлы ақпаратты білу үшін e-gov-қа кіріп едім, аты-жөнімді таппадым. Сөйтсем, мені қаза тапқан жандардың тізіміне енгізіп қойыпты.

Онсыз да тағдардың тәлкегіне түскен жігітке мына жағдай ауыр соққы болып тиген. Александр небәрі 8 жасында әке-шешеден айрылып, 3 аға-әпкесімен балалар үйіне тапсырылған екен. Көп ұзамай бауырларын басқа отбасы асырап алып, жалғыз қалыпты. 18 жасынан бері жігітті баспана мәселесі қатты толғандырады. Қымбатшылық заманда үйлі болу қиын екендігі айтпаса да белгілі. Бұл мәселеге қатысты әкімдік өкілдерінен мынандай жауап алдық.

Азат Ыбраев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– 2017-ші жылы кезекте 1680-ші болып тұрған. Қазір ол – 1342-ші. Жігіт арыз жазды. Кезекке қайта енгізілді. Кімнің кінәлі екенін анықтап жатырмыз.

Азат Ыбраев берген ақпарға сүйенсек, қазір қалалық әкімдікте үй кезегінде 15 мыңға жуық адам тұр. Оның 1700-ден астамы – жетім және ата-ана қарауынсыз қалғандар. Биыл бұл жандардың 65-іне баспана беріліпті.

Маржан Касымбек