Мәдениет

Алматылық театрдың Петропавлға жасаған гастрольдік сапары аяқталды

Қызылжарға сапар өмірінің соңына дейін жастарға сеніп өткен Мағжанмен бастау алып, ұлы ақын Абаймен аяқталғалы отыр. Алматылық өнерпаздар шымылдық жабар кеште де солтүстікқазақстандық көрерменді күтпеген тосын сыйымен таң қалдырғаны рас. Қойылымдағы актерлер айтып жатқан сөздің барлығы – біртуар ойшылдың 45 қара сөзінен алынған. Сахна саңлақтары бір-бірімен пікір таластырып жатыр. Әрқайсысы өз ойындағысын дәлелдеу арқылы өнерсүйер қауымға тағылымы мол, мағынасы терең ой тастауда.

Намыссыздық, надандық, ұятсыздық, көреалмаушылық, мақтаншақтық пен жалқаулық. Мыңмен жалғыз алысқан Абай атамыздың қара сөздерінде адам бойындағы жағымсыз қасиеттер бұқпасыз, боямасыз жазылғаны мәлім. Ойшыл еңбектерінде теріс дүниелерден арылудың да жолдарын көрсетті. Ұлы ақынның ұрпаққа қалдырған өсиеттерін актерлер бүгінгі күнмен ұштастыра дәріптеуде.

Дулыға Ақмолда, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері, Алматы қаласы:

– Әр рөлдің орны бөлек. Актердің ішкі жандүниесін қозғайтын мүмкіншілік. Театрда жұмыс істеп жүргеніме 30 жыл болды. Әсіресе, жастарға бұл қойылым үлкен сынақ болды. Сахнадан ой айту өте қиын.

Сахнада дәстүрлі әндер опера жанрында орындалып жатыр. Үйлесім тамаша, залдағы атмосфераны камераның толықтай жеткізе алмайтыны, әрине, өкінішті.

Жалғас Толғанбай, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры директорының орынбасары, Алматы қаласы:

– Біз Абаймен мақтануымыз керек. «Қара» деген сөзде қасиет бар. Алақанға салып аялап, құшағын жайып қарсы алған қызылжарлықтарға рахмет. Біз тұрғындармен сырластық, мұңдастық.

Алматылық ұжымның 6 күнге созылған гастрольдік сапары осымен аяқталды. Әр спектакльден ерекше әсер алып, өнермен сусындап қалған аққайыңдар өлкесінің тұрғындары қонақтарға алғыстарын білдірді, шеберліктерін жоғары бағалауда.

– Образға кіре алады. Шын ниетімен ойнайды. Барлығы шынайы болып жатқан сияқты.

– Осындай қиын кезеңде Алматыдан келіп тамаша қойылым көрсетіп жатыр.

– Спектакльдердің арасында «Қоштасқым келмейді» қойылымы ерекше әсер қалдырды.

Маржан Касымбек