ТЖ

Жыл басынан өңір аумағында 547 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен жеті өңір құтқарушылары үшін қиынға соқты. Соңғы аптада облыс аумағында 19 өрт оқиғасы тіркелген. Солардың бірі Аққайың ауданына қарасты Смирново ауылында орын алды. Мұнда таңғы 10 шамасында жер үйдің шатыры отқа оранған. Қызыл жалын сымның қысқаша тұйықталуынан шыққан екен. Отттың тұтануын баспана жанынан өтіп бара жатқан азамат байқап қалған.

Ержан Шәріпов, Аққайың аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– 1984 жылғы Трудовое селосының тұрғыны баспанаға кіріп, екі баланы құтқарды. Бірі – 11-де, екіншісі 6 жаста. Екеуі де үйде жалғыз болыпты. Әкелері анасын жұмыстан әкелуге кеткен екен. Сондай-ақ, ер адам үйден газ баллонын да алып шыққан.

Өрт сөндірушілер отты 1 сағаттың ішінде ауыздықтап, тағы 2 сағаттан соң толығымен сөндірген. Бүгінде келтірілген материалдық шығын анықталу үстінде. Бұл – Аққайың ауданында осы жылы тіркелген 27-ші оқиға. Қызыл жалын 3 адамның өмірін жалмаған. Бірі – мектеп жасына дейінгі бүлдіршін, екеуі – ересек адамдар. Екеуі де масаң күйде болған деседі. Өрт сөндірушілердің айтуынша өрттің шығу себебі – әдетте алкогольдік ішімдік ішу мен немқұрайлықтың салдары.

Жанбота Қабдөшев, Айыртау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:

– 2021 жылдың 9 айы бойынша Айыртау ауданында 34 өрт тіркелді. Материалдық залал 12 млн-ды құрады. Өрттің шығу себептері: отпен ойнау, балалардың жалғыз қалуы, электр сымдарының қысқаша тұйықталуы. Аудан бойынша биыл 6 орман өрті тіркелді. Оның шығу себептері: найзағайдың түсуі.

Жыл басынан өңір аумағында 547 өрт тіркелді. Қызыл жалыннан 40 адам қаза тауып, 36 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Келтірілген материалдық шығын 215 млн теңгеден асады.

Эльмира Садвокасова