Құрылыс

Сергеевка қаласында 400 басқа арналған тауарлы-сүт ферма ашылады

“ZHA-GROUP LTD” серіктестігіне тиесілі тауарлы-сүт ферманың құрылысы осыдан бір ай бұрын басталыпты. Бүгінге дейін қызметкерлер 400 басқа арналған сиыр қораның қаңқасын көтеріп үлгеріпті. Алдағы уақытта қасынан сауу корпусы мен бұзау тұратын орын тұрғызылмақ. Ауа райының салқындап кетуіне байланысты қазір мамандар бетон құю жұмыстарына екпін берген екен. Бұл іс аяқталса, қалған шаруа жылдам тындырылады дейді құрылыс учаскесінің басшысы Ілияс Алтайбай.

Ілияс Алтайбай, “ZHA-GROUP LTD” серіктестігінің бригадирі:

– 400 бас болғасын сауын орны 1-еу болады. Ол жерде 1 ретте 16 сиыр сауылады. Қосымша 200 басқа дейін бұзау қора болады.

Құрылыс жұмыстары аяқталысымен мұнда соңғы үлгідегі қондырғылар жеткізіледі. Аппараттар Израильден сатып алынбақ. Осы орайда айта кетейік, Президент өз Жолдауында ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету қажет екенін айтқан болатын. Мұны жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығымен айналысатын жандарға субсидия қолжетімді болу керектігін алға тартты.

Бекзат Сағынғали,  Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– Чехия елінен “симментал” тұқымды сиырлар әкелінеді. Қазіргі күні жалпы соманың 30 пайызы төленген. Қондырғы мен ірі қараларды сатып алу үшін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан” 400 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ, мемлекет әр сиырдың басына субсидия бөледі. Қазіргі күні бағасы нақтыланып жатыр.

Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Тауарлы-сүт ферманың құрылысы желтоқсан айында аяқталмақ. Жыл соңында сиырлардың алғашқы легі, яғни 128 бас ірі қара жеткізіледі. Жұмыспен 30 адам қамтылады. Шал ақында ауданында бұл бағыттағы шаруа жалғаса бермек. Келесі жылы аудан орталығының іргесіндегі Кривощеково ауылында 1200 басқа арналған тағы бір ферманың құрылысын бастау жоспарда бар дейді әкімдік өкілдері.

Бердимурат Баймухан