Экология

Сары контейнерге жиналған қоқыс қайда жіберіледі?

Алтынай Қазиқан, тілші:

– Бұл сары контейнерлер тұрмыстық қалдықтарды іріктеп салуға арналған. Мамандар мұндағы қоқыстан күнделікті өмірге қажетті дүниелерді жасап шығарады. Мәселен, 1 келі полиэтиленнен 2 пластмасса шара дайындауға болады екен.

Процесті қысқаша түсіндіре кетейік. Сары жәшікке жиналған қоқыс әуелі Бескөлдегі «РиМ-КазАгро» серіктестігіне жеткізіледі. Осында төгіледі, сосын барып іріктеледі, соңында түйіршіктеледі. Түйіршік-түйіршік боп ыдыраған дүние “Радуганың” мына цехына жеткізіліп отырады.

Александр Пилипушко, “Радуга” ЖШС технологы:

– Түйіршіктер тиісті мөлшерде арнайы қондырғыға құйылады. Бояғыш қосылып, 200 градус шамасында қыздырылады. Дайын болған сұйықтық арнайы формаларға құйылады. Ерітінді тағы да бір рет жоғары температурада қыздырылып, белгілі бір уақытқа салқындатуға жіберіледі.

Ілгешек, шелек, ас үйге қажет дүниелер. Әуелі сіз бен біздің тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігіне бөліп салуымыздың нәтижесінде, сосын барып әмбебап қондырғылардың арқасында әлгі ерітінді әп-сәтте дайын тұрмыстық бұйымға айналады. Пластмассаның артық деген шығыңқы тұстары осылай қиылып тасталады. Жалпы, бұл цехта 37 білдек бар. Қондырғының біреуі бір ауысымда 500-ге жуық шара жасап шығаруға қауқарлы.

Күні кеше табиғат жанашырлары өткізген эко-акция жайлы материал дайындаған болатынбыз. Сенбілік соңында 118 келі қоқыс іріктеліп, қайта өңдеуге жіберіліпті. Осылайша, қоршаған орта да тазарады, керексіз заттар да пайдаға жаратылады.

Азат Жұмағұл, “Радуга” ЖШС менеджері:

– Егер тұрғындар ас-судан қалған қалдықтарды бөлек, пластик пен қағазды бөлек тастаса, оларды қайта өңдеу неғұрлым оңай болады. Әрбір жан бір-екі рет осылай істесе, кейін әдетке айналып кетеді деп ойлаймын. Негізі, қалалықтар бұл үрдіске ақырындап үйреніп келеді.

– Қоқысты тастарда бөтелкені бөтелкеге қосып, пластмассаны бөлек тастаймын.

– Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәселесі мені бұрыннан алаңдатады. Әр адам бұған жауапкершілікпен қараса, маңайымыз біршама таза болар еді деп есептеймін.

– Сары контейнерді осыдан 2 жыл бұрын алғаш рет көрдім. Содан бері қоқысты бөліп тастап жүрмін.

Облыс орталығында тұрмыстық қалдықты бөліп салуға арналған жәшіктердің мыңнан астам данасы орнатылған. Ауланың өзін таза ұстау өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық.

Алтынай Казиканова