Аптадағы маңызды жаңалықтар

QazVac гуманитарлық көмек ретінде Ауғанстанға жіберіледі

QazVac гуманитарлық көмек ретінде Ауғанстан мен өзге де мұсылман елдеріне жіберіледі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы биофармацевтика зауытына барған іс-сапарында мәлім етті. Кәсіпорын өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмек, оның ішінде коронавирус, тұмау, туберкулез, бруцеллез, нодулярлы дерматит және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпелер шығаратын болады. Қуаттылығы жылына 30-дан 60 миллион доза препаратқа дейін жетпек. Қыркүйектің 16-сынан мұнда 100 мың доза вакцина құю желісі іске қосылды. Айта кету қажет, ТМД елдері арасында COVID-19 індетіне қарсы вакцина өндірісі тек Қазақстан мен Ресейде қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады.

Эльмира Садвокасова