Экология

Қаладағы автобус паркі 20 пайызға ескірген

Іші тар, лас әрі улы газ шығарады. Петропавлда жаңасы келгелі бері ауыстырылмаған ескі автобустарға шағымданатын тұрғындардың саны күннен-күнге артып барады.

– Иісі болды. Адам көп.

– Не устраивает их внешний вид. Салон пусть немного уберут.

Түсінуге болады, әрине, адамдардың барлығы бірдей үлкен, жайлы, жылы қоғамдық көлікпен жүргісі келеді. Бірақ, қала бойынша 170-ке жуық автобус болса, соның 20 пайызы ескі. Қытайлық темір тұлпарлардың қолданылып келе жатқанына 10 жылға жуық уақыт өтіпті. Мәселе тек келбетте ғана емес, одан шығатын – улы газда.

Экология департаментінің мамандары мен тәртіп сақшылары қоғамдық көліктерді тексеру үшін рейдке шықты. Бұл – 20-шы бағыт бойынша қозғалатын автобус. Полиция қызметкерлері оның ішін тексеріп жатса, экологтар сыртынан бақылап жүр.

Осылайша, мамандар арнайы талдауыштың көмегімен қозғалтқыштан шығатын түтіндегі газдың деңгейін тексеруде. Нәтижесі көңілден шықпады.

Игорь Борошин, автобус жүргізушісі:

– Қозғалтқыш жаз айында жөндеу көрген болатын. Сол уақытта техникалық байқаудан да өткізілді. Ішкі құрал-жабдықтары ескірген. Сондықтан, түтін де көп шығады.

Қоғамдық көліктің қозғалтқышынан шығатын түтін қоюланып кеткен. Ал жағымсыз иісі болса мұрынды жарып барады.

Бақытжан Тұрғынова, СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Қозғалтқыштан шығатын газдың нормасы 1 жарым пайыздан аспауы керек. Тиісті норма сақталса, газ ауамен араласып, атмосферада жойылып кетеді. Ал белгіленген деңгейден асып кетсе, адам денсаулығына зиян екендігі айтпаса да түсінікті.

Тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Атмосфераны ластау фактісі анықталды. Қоғамдық көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 334-ші бабы бойынша хаттама толтырылды.

Алғашқыда жүргізушіге қатаң ескерту жасалады. Егер жағдай қайталанса, 5 АЕК – 14 мың теңгеден астам көлемде айыппұл салынады екен. Бірақ, жүргізуші көлікті қанша жөндегенімен, мәселе бұнымен шешімін таппайтын сыңайлы, өйткені оның негізі, яғни көліктің өзі ескі.

Маржан Касымбек