Спорт

Жанұялар жарысы

Бұл – алғашқы сайыс. Ереже бойынша әкелер 2 шеңберді алға жылдам жылжытып отырулары қажет. Ал, анасы мен баласы шеңберден шығып кетпей секіріп отырулары керек. Жақандар жанұясы тапсырманы сапалы әрі жылдам орындап жатыр. Спорттық жарыстарға жиі қатысатындары көрініп-ақ тұр. Бағлан мен Гүлжауһар
“Бала әке-шешесіне қарап бой түзейді”- дейді. Сондықтан, ата-ана қыздарын кішкентай күнінен бастап салауатты өмір салтын ұстануға баулуда.

Гүлжауһар Жақан, сайысқа қатысушы:

– Дәл осындай сайысқа 2-ші рет қатысып отырмыз. Алдында 1-ші орын алдық. Осы жолы да жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Басты мақсатымыз – балаларымызға салауатты өмір салтын насихаттау.

Отбасылар арасындағы сайыс екінші сында одан сайын қыза түсті. Мұнда, әсіресе, балалар зор ынта танытып, бір-бірінен озуға тырысуда.

3-ші сында Татаренколар жанұясы көзге түсті. Олар тапсырманы қалғандарына қарағанда жылдам орындауда. Ерлі-зайыпты күнделікті өмірде таза ауада жүгіруді ұнатады. 5 жастағы ұлдары футбол ойнағанды жақсы көреді екен.

Мария Татаренко, сайысқа қатысушы:

– Спорттық эстафетаға қатысып бір серпіліп алдық. Баламызға да ұнап жатыр. Осындай отбасылық шараларға жиі қатысып тұруға тырысамыз. Баламыз жан-жақты болып өссін дейміз. Спорт – денсаулық кепілі!

Жалпы, эстафетада 6 отбасы бақ сынады.

Антон Шишканов, «JE SKO штабы» ҚБ төрағасы:

– Осындай отбасылық эстафета өткізудегі басты мақсат – халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Сайыстың өзіндік ережесі бар. Ата-аналардың жасы 44-тен аспауы қажет. Балалардың жасы 5 пен 10-ның аралығындағы болуы керек.

Сайыста достық жеңді. Эстафетаға қатысушылардың барлығына мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Дана Ешкенова