МТРА жаңалықтары

Петропавлда рыцарьлар турнирі өтті

Кездесудің ұзақтығы – 3 минут. Осы аралықта “рыцарьлар” бар өнерлерін ортаға салулары тиіс. Петропавлдық Дмитрий Денисов пен қостанайлық Всеволод Хан уақытты барынша тиімді пайдалануда. Айла-тәсілдерін жүзеге асырып, әр соққысын дәл бағыттап жатыр. Төрешілер қатысушылардың мүмкіндіктерін тең бағалап, тағы 30 секунд уақыт қосты. Бұл жолы да жеңімпаз анықталмады. Сондықтан, қарсыластың басына семсермен алғаш болып тиген Всеволод Хан жекпе-жектің үздігі деп танылды.

Всеволод Хан, рыцарьлар турнирінің қатысушысы, Қостанай қаласы:

– «Temir Tumen» клубы жайлы 2014 жылы естідім. Содан бері мүшелік етіп келемін. Турнирге жыл бойына дайындалдым. Бірақ, дәл осы аталым мен үшін таңсық. Бұған дейін тек топтық ұрыстарда ғана өнер көрсеттім. Сол себепті, дәл осы жекпе-жектің техникасын аса меңгерген жоқпын. Тәжірибем де шамалы. Десе де, бағым жанып, келесі кезеңге өттім.

Бізге сұхбат беріп, 5 минут тыныққаннан кейін Всеволод қайтадан ортаға шықты. 27 жастағы рыцарьдің келесі қарсыласы – петропавлдық Александр Форш.

Жекпе-жекте соққылардың барлық түріне рұқсат берілген. Бастысы күресіп, қарсыласты жерге жығуға болмайды. Ал, семсер, аяқ және қалқанмен шабуылдаймын десеңіз – мархабат. Алайда, мұндай кездесулерден кейін бірнеше күн қалыпқа келу қажет дейді қатысушылар.

Александр Форш, рыцарьлар турнирінің қатысушысы, Петропавл қаласы:

– Семсеріміз үшкір емес, бірақ соққылары ауыр тиеді. Аяқ-қолымыз көгеріп кетуі мүмкін. Бұл сауыттың қаншалықты сапалы жасалғанына да байланысты. Менің қорғаныс жабдығым өте берік металлдан әзірленген. Барлық дене мүшелерім жабық. Бірақ, сауытым ауыр, 25 келі тартады, дулығаның салмағы 5 келінің шамасында.

Қысқасы – қимылдау қиын әрі ыңғайсыз. Бірақ, 14-15-ші ғасырдағы Еуропаның атмосферасын тек осылайша сезінуге болады. Ауыр сауыттар – дәл сол кезеңдегі рыцарьлар киген қорғаныс жабдығының тура көшірмесі. Қатысушылар оны өздері әзірлейді екен.

Владимир Торопов, «Temir Tumen» клубының петропавлдық бөлімшесінің жетекшісі:

– Жарыстың екінші аталымы – топтық ұрыс. Қатысушылар алдымен екі-екіден, үш-үштен айқасады. Ал, соңында барлық адамдарды екі командаға бөліп, ортаға шығарамыз. Кездесу бір құрамның соңғы мүшесі аяқтан жығылып, құлағанша дейін жалғасады.

«Temir Tumen» клубы Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай мен Петропавл қалаларында құрылған. 14-15-ші ғасырдағы еуропалық рыцарьлар әлеміне бүгінде еліміз бойынша 60-тан аса адам қызығушылық танытуда. Олардың бірі турнирлерге ат салысса, екіншілері сауыт-сайман әзірлеумен айналысады екен.

Эльмира Садвокасова