Қоғам

Биыл Есіл ауданындағы Петровка ауылына 14 жанұя қоныс аударған

Хусаиновтар жанұясы Есіл ауданындағы Петровка селосына Алматыдан көшіп келген. Қоныс аударғандарына 1 ай ғана болыпты. Құр қол отырмай, келе сала жұмыс іздестірген. Отағасы жергілікті серіктестіктердің біріне балық сұрыптаушы болып жұмысқа орналасыпты. Ал, 4 перзентті өмірге әкелген отанасы – декреттік демалыста. Үлкен қызы шаштаразда еңбек етеді. Қалғандары – оқушы, студент.

Айнұр Хусаинова, Петровка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Өзі жақсы адамға мың кісілік орын бар»,- дейді ғой. Өзімізге ұнайды, тыныш. Алматыда әкімдерге кіре алмайсың. Бұл жерде әкімдер үйімізге келіп, жағдайымызды сұрайды. Су кірген ішке. Отын түсіріп алып, жағып жатырмыз.

Биыл бұл отбасыдан бөлек, Петровкаға «Еңбек» бағдарламасы аясында тағы 13 жанұя қоныс аударған. Төртеуі сонау Иран елінен келіпті. Ал қалғандары – Ақтау, Шымкент, Алматы қалаларынан. Өткен жылы ауылда қоныстанушыларға арналып 14 үй салынған.
Жалпы, ауылда үй құрылысынан бөлек, жол мен жарық мәселесі де шешімін тауып келеді.

Оралбек Қоңқабаев, Петровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Петровка елді мекеніне биыл 146 млн теңгеден астам астам қаражат бөлініп, 3 көшеге асфальт төселді және 3 шақырымға тас қиыршығы төселген болатын. Одан басқа 4 км жерге жарық жүргізіледі. 40 фонарь қойылады. Осыған дейін 65 фонарь бар еді.

Айнамкүл Жаутаева, Петровка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Ауылымызда қазір жарық бар. Үлкен-үлкен ТОО-лар бар. 5 бірдей дүкен жұмыс істейді. Балалардың оқуы үшін колледж де бар. Көшіп келген оралмандармен мектепке бала саны да көбейді.

Петровка селосында бүгінде 1300-ден астам адам тұрады. Алдағы уақытта елді мекендегі көшелердің барлығын жарықпен қамту жоспарланып отыр.

Алтынай Казиканова