Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бескөлде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Таңғы 10-да басталуы керек болған жәрмеңке белгіленген уақытынан 1 сағат бұрын ашылды. Кіреберісте бескөлдіктер 5 тонна пияз сатып жатыр. Бағасы қалтаға қонымды. Ал картопты Петерфелдь ауылының агроқұрылымдары әкеліпті. Оның да құны көңілден шығады.

Көкөністің бұл түріне сұраныс аса жоғары. Тұрғындар қап-қаптап сатып алып, көліктеріне қарай тасып жатыр.

Назым Ысқақова, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Өзіміздікі жақсы шығып жүрген. Биылғы ауа райына байланысты картобымыз дұрыс шықпады. Содан сатып алуға тура келді.

2 тонна картоп небәрі 40 минуттың ішінде сатылып кетті. Ірі қараның етін алуға келгендердің де қарасы қалың.

Бәйтерек ауылының тұрғыны Мұхамеджан Бағашар Малое Белое селосынан жеткізілген етті сатып алу үшін арнайы келіпті. Таңдап жүріп 30 келісін бірақ алды.

Мұхамеджан Бағашар, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мына шұжықтан алдым. Құдаларым келіп қалды. Жылқы мен қой етін алмақшы едім, келмей қалды.

Мына тұста да сауда қызған. Таң ата сауылған сүт, хош иісті бал, дәмі тіл үйіретін қаймақ пен ірімшік. Көкөніс түрлері де баршылық. Рассвет ауылының тұрғыны Любовь Мырзахметова жәрмеңкеге азық-түліктің түр-түрін әкеліпті.

Любовь Мырзахметова,Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қызанақ өз бақшамызда піскен. Шамалап әкелдік. 20 келі ірімшік, 20 литр сүт пен қаймақ бар. Алып жатыр.

Жәрмеңкеге қойылған өнімдер дүкендегіден 25 пайызға төмен бағамен сатылды.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Жәрмеңкеге 12 ауылдық округтің тұрғындары қатысып жатыр. Сатылымға азық-түліктің 20 түрі қойылған. Қысқа қажетті деген өнімдер жеткізілді. Мұндай шараны алдағы сенбі күні де өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жәрмеңкеге қызылжарлықтар жалпы 9 тонна азық-түлік әкелген. Тауарлардың барлығы дерлік сатылып, еңбекқор жандар 1 жарым млн теңгенің саудасын жасаған.

Маржан Касымбек