Экология

Белсенділер тазалық акциясында бас қосты

Табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау. Петропавлдық Евгения Ржавцева осындай ұстаным ұстанады. Нәзікжанды әр сенбіліктен қалыс қалмай, белсене ат салысуға тырысады екен. Ұжымдық іс-шаралардан бөлек, жолдасы екеуі өздері-ақ көпті күтпей айналаны жинастыра береді. Бүгін де қалалық жағажайды тазалауға келген.

Евгения Ржавцева, қала тұрғыны:

– Сенбілікке білек сыбана кірісетін әдетім бар. Қоқыс шашылған жердің әп-сәтте таза болғанына бір марқайып қаламын. Табиғатпен етене байланыстымыз. Оны қорғап, күтім жасау – біздің парызымыз.

Ал, Дана Эльстанова мен Азамат Сәпенов – еріктілер. Жастар экологиялық акцияға алғаш рет қатысып отыр. “Келген беттегі жағажайдың жағдайын көріп, жаға ұстадық”,- дейді.

Дана Эльстанова, қала тұрғыны:

– Тұрғындар жағажайда өткізген демалыстарынан кейін қалған заттарды жинап кетсе, осынысымен табиғатқа зор пайда келтірер еді. Дегенмен, осының өзіне жалқаулықпен қарайтындары көп. Тазалық адамның өзінен бастау алуы керек.

Бұл – қала бойынша өткізіліп жатқан осымен 3-ші экологиялық акция. Табиғат жанашырлары алдыңғы шараларда бақандай 226 келі қоқыс жинапты. Қалдықтардың бір бөлігі қайтадан өңдеуге жіберілген.

Азат Жұмағұл, “Радуга”ЖШС менеджері:

– Жиналған қалдықты екіге бөліп, іріктейміз. Қайта өңдеуге жарайтындары “РиМ-КазАгро” серіктестігіне жөнелтіледі. Ол жақтан “Радугаға” жіберіліп, қайтадан іске жаратарлық дүниелер жасалады.

Соңғы сенбіліктің форматы – ерекше. Ең көп қоқыс жинаған командаға сыйлықтар табыс етілді. Жалпы, акцияға 3 топ қатысты. Бірінші орынды Евгения Ржавцева мен оның жолдасы жеңіп алды. Табиғат жанашырлары 45 келіге жуық қоқыс жинаған. Екеуіне қалта қуаттығыштан берілді.

Алтынай Казиканова