Көлік және жолдар

Явленка ауылының келбеті көркейіп келеді

Шұрық-тесік, ойлы-қырлы жолдан көлік жиі сынып, мазаны қашыратын. «1 күн жүрсек, 2 күн жөндеуге кетіп жүрді»,-дейді тұрғындар. Явленка селосында 1 ай бұрын осындай проблема өзекті еді. Әсіресе, көктем-күз мезгілдерінде діттеген жерге жету үшін бірнеше көшені айналып өту керек болыпты. Ауыл тұрғыны Әлібек Жұматаевтың күні темір тұлпар үстінде өтеді. Зейнеткер әбден жол машақатын көргенін айтады.

Әлібек Жұматаев, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– 42 жылдың ішінде Явленка селосында мұндай жол салынған жоқ. Әр жердегі ойықтарды түгендеуден басқа жұмыс жасалынбайтын. Петропавлдан ауылға кіретін жолды 86-шы жылы жаңартқан, одан кейін асфальт болған емес.

Жауыр болған мәселе ақырындап шешіліп келеді. Аудан орталығында былтыр шамамен 7 шақырымдай жол орташа жөндеуден өткен. Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 шақырымнан астамы жаңартылыпты. Бұл мақсатта 325 млн теңгеден астам қаржы бағытталған.

Әлібек Жұматаев, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бұл жол жуырда ғана салынды. Былтырғы жолдың сапасы да көңіл қуантады. Бір ақау байқалмады. 2 жылдың ішінде 15-16 шақырымдай жол жаңартылды. Жолда қазақтың су төгілмес жорғасымен жүргендей болып, ақырын жүруге болады.

Дегенмен, жөндеуді талап ететін әлі 4 көше бар. 600 млн теңгеге сметалық құжаттама дайын. Жалпы, елді мекенді абаттандыру бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл 10 млн теңгеге жуық сомаға шеткі көшелер жарықтандырылған. 200 шам орнатылыпты.

Мінайдар Тілеукин, Явленка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Біз қариялар мен балалардың емін-еркін жүріп тұруы үшін шеткі көшелерді жарықтандырдық. Негізінен, селоны абаттандыру жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Бүгінде аудан орталығында мың шам бар.

– Көше басында 2-3 кварталда жарық болмайтын. Екінші кезеңде оқитын балалар қараңғыда келіп жүрді.

– Қазіргі кезеңде дәл үйдің қасынан 2 шам орнатылды. Жап-жарық оңды болды.

– Очень рад, освещение – необходимо. У нас постоянно ведутся реконструкции по освещению.

Айта кетейік, Явленка селосында 6300-ден астам тұрғын бар. Ауылдағы ағайынның тұрмыс-салтын жақсарту үшін атқарар шаруа мұнымен аяқталмайды.

Алтынай Казиканова