Білім

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

Дәл қазір 4-сынып оқушылары музыка пәнін меңгеруде. Сабақтың қыр-сырын оқушыларға Гүлнәр Темірболатова үйретіп жатыр. Ұлағатты ұстаз өзі білім беретін әр баланың болашағынан үлкен үміт күтеді. Өмірден өз жолын тауып кету үшін бар білген-түйгенімен бөлісіп, дұрыс жол көрсетуге тырысады екен.

Гүлнәр Темірболатова, “әл-Фараби” мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

– Өз мамандығымды қадірлеп, құрметтеймін. Әр ұстаз өз ісін сүйгенде ғана жетістікке жетеді. Сондықтан, шәкірттерімнің мейірімді, мықты азамат болғанын қалаймын. Оған дейін білгенімді үйретемін.

Мектепке тарыдай болып кірген баланы, білім нәрімен сусындатып таудай етіп шығаратын жан. Гүлнәр Салауатқызы балалардың білім алуға деген құлшынысын жоғалтып алмас үшін әр сабақты түрлі бағытта өткізеді. Осылайша, оқушылардың бойындағы қабілетін ашып, ары қарай дамып кетуіне септеседі.

– Гүлнәр Салауатқызы музыканы үйреткен қызықты болды. Сондықтан, әнші болғым келеді.

– Маған музыкадан бөлек, математика сабағы ұнайды. Әр сабаққа асыға дайындаламын.

Қолыңа қалам ұстап, сауатыңды ашқан алғашқы ұстаз ешқашан ұмытылмайды. Мектеп табалдырығын енді аттаған балғындар дәл осы жандардың арқасында әлемді таниды.

Гүлнәр Темірболатова, “әл-Фараби” мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

– Бір мекемеде 18 жыл қызмет етіп жүрмін. Талай шәкіртім түлеп ұшты. Бүгінде белді бір маман иесі атанып отыр. Оларға көріп қуанамын. Еңбегімнің жемісі, нәтижесі ғой.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп қазақ бекер айтпаса керек. Гүлнәр Салауатқызы оқушыларын түрлі деңгейдегі сайыстарға да қатыстырып, бәсекелік қабілетін арттырады, балалардың өзіне деген сенімін күшейтеді. Байқауларда үздік атанған әр түлегінің марапатын көзінің қарашығындай сақтап қойыпты. Әр кез құжаттарды парақтап отырып, кезінде өзі тәлім берген, қазір жер-жерде қызмет етіп жүрген шәкірттерін еске алады екен.

Маржан Касымбек