Мәдениет

Шаһарда “Жүз жылдық махаббат” спектаклі сахналанды

Театрға жиналған көрермен бірден махаббат сезімін кешіп жүрген жас Мағжан мен Зылиханы күткендігі анық. Бірақ, спектакль жарынан айрылған жесір әйелдің мұң-мұқтажынан басталуда. Ақын рухымен тілдескен нәзікжанды алқашқы кездесуін, аумалы-төкпелі заманда бірге бастан кешірген күндерді сағынышпен еске алады. Жастық шаққа сапар шегеді.

Мағжан ғашық болған жас, сұлу Зылиханың рөлін талантты жас актриса Ажарлым Бақытжанова сомдауда. Нәзікжанды мұндай образды шынайы әрі көрерменге жеткізе сомдау үшін алдыменен осындай сезімді бастан кешіріп көру керек, әйтпесе қиынға соғады екен дейді.

Ажарлым Бақытжанова, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актрисасы:

– Жалпы, әр әртісте спектакльдің алдында қобалжу сезімі болады. Сол сәт бүгін менде ерекше болды деп айтсам болады. Мағжан атамның жерінде ойнау үлкен жауапкершілік болғаннан кейін тұла бойымды қорқыныш сезімі биледі.

Жастық шақта серілік құрып, албырт сезімді бастан кешіреді. Содан соң кеңес үкіметінің қыспағына түсіп, 44 жас өмірінің 10 жылын тар қапаста өткізеді. Солақай саясаттың салдарынан халық жауы атанған Мағжан Жұмабаевтың рөлін Алмас Шаяхметов сомдады.

Алмас Шаяхметов, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері:

– Бұл рөл, оның әрбір қойылымы маған қымбат. Бір сұхбатымда «Берілген рөлді шынайы ойнау – ол менің парызым»- деп едім. Бүгін енді спектакль қалай болды, оның бағасын әрине көзі қарақты көрермен бере жатар. Дей тұрғанмен халыққа жетті деп ойлаймын. Барымызды салып ойнадық.

Спектакль аяқталғаннан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов сөз сөйлеп, өнер ұжымына гүл себетін тарту етті. Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа және Мағжан Жұмабаевтың рөлін сомдаған Алмас Шаяхметовке шапан жабылды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан рахметімді айтып, ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгін керемет, рухани кеш болды. Алматыдан келген әртістеріміз өнердің ең биігі, ең тектісі театр екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әлбетте, әр спектакль көрерменге арналады. Осы ретте өнерсүйер теріскейлік жұртшылық Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының өнеріне қандай баға береді?

– Барлық актерлер өз рөлдерін шебер ойнады. Халықтың жүрегінен жол таба білді деп ойлаймын. Сәтті шыққан спектакль.

– Айтарға сөзім жоқ. Бұл ұжым қаламызда әлі 5 күн болады екнен. Сол 5 күн қатарынан келемін.

– Келген ұжымға алғысымды білдіремін. Осылай жиі келіп тұрса екен дейміз.

Өнер ұжымы Петропавлда қазанның 5-іне дейін болады. Осы аралықта тағы 5 туындыны қалың көрерменнің назарына ұсынбақ.

Алдияр Айтпаев