Денсаулық сақтау

Өңірде тұмауға қарсы вакциналау жүріп жатыр

15-ші қыркүйектен бастап өңірде тұмауға қарсы вакциналау жүріп жатыр. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі таңда облысымызда ресейлік “Гриппoл плюс” екпесінің 60 мыңнан астам дозасы бар. Бүгінге дейін аталған препаратты 15 мыңға тарта солтүстікқазақстандық алып үлгеріпті. Вакцина салу жұмыстары 15-ші қарашаға дейін жалғаспақ. Айта кетейік, мұндай іс-шара жыл сайын жіті респираторлық вирустық инфекция және тұмаумен күрес маусымы қарсаңында өткізіледі.

Меруерт Атамбаева, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– СҚО-да қыркүйек айынан бастап жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 4 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Соңғы аптада 1100 жағдай тіркеліп отыр. Медицина қызметкерлері, 6 айдан асқан балалар, қарттар мен балалар үйінің қарамағындағылар жиі ауырады. Бұл маусым сәуір айының 30-ына дейін жалғасады.

Бердимурат Баймухан