Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында көмір тапшы

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Көзді ашып-жұмғанша қазанға да келіп жеттік. Күздің екінші айының алғашқы күнінде Петропавлда ақ қар ұшқындап тұр. Демек, солтүстіктің сарышұнақ аяздары мен ат құлағы көрінбей борандары алда. Ал, жерлестеріміз қысқа сақадай сай емес.

Сақадай сай емес деп сенімді сөйлеуімізге күні кеше ғана Петропавлда түсірілген мына видео дәлел. Телефонымен төңіректі түсірген теріскейлік тек өзінің емес, ондаған адамның мәселесін жұртшылыққа жеткізді.

Облыс орталығында көмір жоқ емес, бар. Бірақ, қазіргі таңда баяу әрі аз көлемде жеткізіліп жатыр. Жаңағы видео түсірілген темір жол тұйығына бүгін арнайы барып, жағдайды білдік. Сөйтсек, кеше мұнда 3 вагон немесе 200 тонна “Қара жыра” маркалы қара отын әкелініпті. Қазір таудай тасымал құралдары бос тұр. Қаз-қатар тізілген кешегі көлік иелері барлығын сатып алып кеткен екен. Аумақта анда-мында шашылған аз-маз көмір жатыр. Мәселенің туындауына не себеп? Бейінді басқарма өкілдерінен жауап алдық.

Бақыт Ілиясов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Көмір тапшылығының туындауына маусымдық сұраныс әсер етіп отыр. Жазда темір жол тұйықтарынан тәулігіне 50-60 тонна ғана қара отын өткізілсе, қазір тәулігіне сұраныс 200-250 тоннаны құрайды. Тұрғындарды жаз бойы қара отын сатып алуға шақырдық. Әуелде байыппен сатып алғандардың арасында мұндай дүрбелең болған жоқ.

Тапшылық мәселесі таяу арада шешілуі тиіс. Қазанның 5-ші жұлдызына дейін Петропавлға көмірдің “Шұбаркөл” деген атауынан – 700 тонна, “Қара жырасынан” 200 тоннасы жеткізілмек. Осы орайда айта кетейік, қара отын тапшылығына байланысты баға өзгермейді. Бейінді басқарма өкілдері аталған отын құны алдын ала бекітілген, сол себепті 1 теңгеге де қымбаттамайды деп отыр.

Байболат Култанов