Ауыл шаруашылығы

Жолдау жүктеген міндеттер

Елді мекен тұрғындарының арасында егіншілікпен айналысатын жандар аз. Мәселенің шешімі бар: ауыл тұрғындарына мемлекеттен грант немесе жеңілдетілген несие беріп, техникамен қамту қажет және іспен айналысу жолдарын үйрету керек дейді облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері.

Болат Сағындықов, еңбек ардагері:

Ауыл тұрғындары көбірек көкөніс, жеміс өсірумен айналысса нұр үстіне нұр. Осы орайда бізге арнайы кооператив құрып, халықпен жүздесу қажет. Олардың қандай кәсіппен айналысқылары келетінін сұрайық. Себебі, кейбіреуінің жағдайы, техникасы жоқ. Тұрғындарды іске баулу керек.

Тұрғындар ерінбей еңбек етсе, өздерін де, өзгелерді де табиғи таза тауармен қамтымақ. Бұған мемлекет басшысы қыркүйектің 1-і күні жариялаған Жолдауында тоқталған болатын. Саяси маңызды құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев “Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету қажет” деді.

Мұхаррам Шәкімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қазіргі техникалар бұрынғы үлгілерден 5-10 есе жақсы жұмыс істейді. Оларды дұрыс қолдана білу қажет және диқандар күн-түн демей еңбек етулері қажет.

Биылғыдай қуаңшылықта да жақсы өнім алуға болады дейді ардагерлер. Ол үшін жерді жыртып, тыңайтқышты көп әрі дұрыс қолдану керек және тұқымды уақытылы сепкен жөн. Жиында көтерілген мәселелер ауыл шаруашылығы басқармасының қадағалауына алынады. Сондай-ақ, жасалған ескертулер мен ұсыныстар алдағы уақытта жас мамандарға жеткізіледі.

 Бердимурат Баймухан