Білім

Ұстазды сыйлау – ұлылық

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Зейнеп Таныбаева өмірінің 40 жылын мұғалімдікке арнапты. Білім қуған оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытқан.

Зейнеп Таныбаева, білім саласының ардагері:

Зейнетке шыққанымға 10 жыл болды. Бірақ, сонда да қол қусырып отырған жоқпын. Немере бағамын. Жұрттың балаларына мемлекеттік тілді үйретемін. Бастапқы білімім география пәнінің мұғалімі болған. Кейін қазақ тілі мен әдебиетіне ауысып кеттім. Орыс сыныптарына сабақ бердім.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді Зейнеп Қабдоллақызы. Сол себепті, тәжірибесі мол мұғалім шәкірттердің бойында ұлттық сананың оянуына ерекше мән береді.

Зейнеп Таныбаева, білім саласының ардагері:

Ұлттық сана мен намыс кеміс болып тұр бізде. Қазақ өз тілінде сөйлеуге ұялады. Балаға бесікте жатқан кезінен қазақша әлди айтып өсіру керек. Орыс зерттеушілерінің өзі қазақ тілінің сөздік қоры бай екенін айтып кеткен болатын.

Зейнеткер жүрегінде патриоттық сезімі бар жандар ғана кез келген қиындықты оңай еңсере алады дейді. Ұстазының ақылын алып өскен талай шәкірті қазір өмірден өз орнын тауып, ел үшін еңбек етуде. Ал мектеп қабырғасында білім алып жүргендері мереке қарсаңында тосын сый жасады. Өз қолдарымен әзірлеген сыйлықтарын шын ниетпен табыс етіп, сүйікті ұстаздарына арнап өлең оқып берді.

3-4-ші сыныптарда сабақ берді. Сабақты жақсы түсіндіретін. Зейнеп Қабдоллақызының арқасында қазақ тілі мен әдебиетін меңгеріп алдым.

Оқушылар зейнеткерге үй шаруасын тындыруға көмектесті. Олар аулада жатқан шөпті жинап, шағын бақшасының топырағын қопсытып берді. Білімді де мейірімді жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Әр мереке қарсаңында ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға жәрдемдеседі.

Жанна Еленбаева, Озерный орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Қызылжар ауданы:

Картоп қазамыз. Жапырақтарды жинаймыз. Қар тазалаймыз. Сол жұмыстарды атқаруға көмектесеміз. Қолдан келгенше жәрдемдесеміз.

Озерный орта мектебінде 257 оқушы болса, соның тең жартысы «Қамқоршы» волонтерлік ұйымына мүшелік етеді.

Маржан Касымбек