Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда қоғамдық көлік қозғалысы жанданды

“Бармаған жерім жоқ, бәрінде дизель отыны қалта қағады”. Қазір автобус, ауыр жүк көлігін тізгіндеген кез келген жанды тоқтатып, әңгімеге тартсақ, дәл осындай базына естиміз. Орын алған бұл мәселе бүгінде жалғыз теріскейліктерді ғана емес, күллі қазақстандық жүргізушіні алаңдатып отыр. Проблеманың себебін жіпке тізейік. Биыл Атырау мұнай өңдеу зауытында апат тіркелді. Осының салдарынан өндіріс ошағы 4 айдан бері тоқтап тұр. Бұдан қорытынды шығарамыз: осынша уақыт республикалық қор батыстық өніммен толықпаған. Нысан қазанның 1-і күні, яғни ерте қайта іске қосылып, дизель шығаруды бастамақ. Екінші себебі – сұраныстың рекордтық көрсеткішке дейін артуы.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі

Ішкі нарықтағы баға өте төмен болғандықтан, соңғы айларда дизель отынына деген сұраныс артты. Осы себептен тапшылық орын алып отыр.

Ал сұраныс не себепті рекордтық көрсеткішке жетті? Бұған сұйықтыққа белгіленген бағаның төмендігі себеп. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, өз-өзін дизельмен қамти алатын Қазақстанда 1 литр отын Ресейдегіден – 100, Өзбекстандағыдан – 70-80, Қырғызстандағыдан 61 теңгеге арзан екен. Мұны көрші елдердің жүргізушілері тиімді пайдалануда. Яғни, тауар тасымалымен айналысатын шетелдік азаматтар сапар барысында өздерінің отындарын екінші орынға қойып, төмен бағадағы біздің өнімді молынан құйып алады екен.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі

– Беларусь елінің өкілі елімізге келіп: “Бізде отын – 400 теңге, Қазақстанда – 200 теңгеден. Осы жерден құйып алайын деп едім, неге бермей жатсыңдар” деп сұрақ жолдады. Біз көрші елдердің сұранысын қамти алмаймыз. Бара-бара бәріміз бірыңғай нарыққа келеміз.

Әсет Мағауовтың айтып отырғаны – Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында 2025 жылы құрылатын нарық. Бұл нарыққа қатысушы елдерде мұнай өнімдерінің бағасы бірдей болмақ. Демек, алдағы уақытта Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін. Ал отандық жүргізушілер керісінше, төмендетуді сұрап отыр.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

Дизель отынының 1 литріне белгіленген бағаны 160 теңгеге дейін түсіру қажет. Бұл – ауыр жүк көліктерін тізгіндеген қазақстандық жүргізушілердің уәжі. Энергетика вице-министрі түсіре алмаймыз деп қысқа қайырды. Баға төмендетілсе, арзан өнімге қызығушылық танытатын шетелдіктердің саны біршама артпақ. Мұның салдарынан елде дизель тапшылығы мәселесі өзекті күйінде қала бермек.

Баяндама барысында Әсет Мағауов елімізде 210 мың тонна дизель отыны қалғанын айтты. Бұл шамамен 11-12 күнге жетпек. Өзекті мәселені біржақты ету үшін министрлік ресейлік тараппен әріптестік орнатыпты. Келісім аясында көрші елден Қазақстанға 100 мың тоннаға жуық өнім импортталуы қажет. Аталған көлем көпке жетпесі анық. Оның үстіне Павлодар мұнай өңдеу зауыты ертеңнен өндірісін тоқтатпақ. Мұнда жөндеу жұмыстары басталғалы отыр. Осыдан нарықтағы жағдайдың жақын арада тұрақталуы екіталай.

Байболат Култанов