Қоғам

“Қайырымдылық керуені” байқауына өтінім қабылдау басталды

Елімізде 4-ші рет өткізіліп отырған “Қайырымдылық керуені” республикалық байқауының басты мақсаты – ізгілікті насихаттау. Конкурс талабы жас талғамайды. Бастысы кіндік қаны тамған жердің дамуына үлес қосып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, жақсылық жасауға асық болу қажет.

Зәуре Қартова, “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық институтының директоры:

– Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Байқауға кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен байланысты адамдар қатыса алады.

Жеңімпаздар биыл 7 номинация бойынша анықталады. Олар: “Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында”, “Қайырымдылық тарихы”, “Бала жүрегі” және “Жануарға мейірім”. Соңғы аталған аталым жануарлардың жанашырына беріледі. Ал «Бала жүрегі» номинациясын төтенше жағдайда адам құтқарып, ерлік танытқан, қайырымдылық шаралары мен еріктілер қозғалысына ат салысқан жастар иеленеді.

Зәуре Қартова, “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық институтының директоры:

– «Асар» номинациясы халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін тұлғаға беріледі. «Туған жер» номинациясы білім беру, экология, көркейту, мәдени объектілерді қалпына келтіру салаларында туған өлкеге көмек көрсететін тұлғаларға беріледі. «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен батылдық көрсеткен номинация лауреатына беріледі. Бұл номинацияда жеңімпаздың қосымша атауы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің арасында белгіленуі мүмкін (төтенше жағдайлар, ІІМ, жедел жәрдем және басқалар.

Алдымен, әрине, облыстық кезең өтеді. Одан іріктелгендер республикалық конкурсқа қатысады. Осы ретте айта кетейік, байқауға қатысамын дейтіндердің өтінімі қарашаның 30-ына дейін қабылданбақ. Сайысқа қатысу туралы толық ақпаратты fnn.kz немесе businesswomen.kz. сайттарынан білуге болады. Жеңімпаздардың есімі алдағы ақпан айында жарияланады.

Дана Ешкенова