Білім

Кәсіби мерекелері қарсаңында ұстаздар марапатталды

Залға жүректері мейірімге толы мұғалім деген жандар жиналған. Білген-түйгенін балаға үйретуден жалықпайтын ұстаздардың орны қашан да бөлек. Кәсіби мерекелері қарсаңында мамандарды облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

Ыбырай Алтынсарин 1 жарым ғасыр бұрын “жас мұғалім бәрінен қымбат” деген болатын. Ұстаз мектептің жүрегі. Ұлы тұлғаның арманы Тәуелсіздік алған соң жүзеге асып отыр.

Ғалым да, ақын да, тіпті ел басқарған ханның да сауатын ашқан ұстаздар. Олар шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, дұрыс бағыт-бағдар беріп, адамгершілікке баулиды. Шара барысында өз ісінің майын ішіп, жілігін шаққан мамандар марапатталды.

Білім беру саласында 34 жылдық еңбек өтілі бар Нәзира Сыздықова жуырда республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанған болатын. Маманға тиесілі марапат бүгін табыс етіліп отыр.

Нәзира Сыздықова, Кеңес орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Шал ақын ауданы:

Әдістемелік құралдар жасадым. Сонымен қатар, әр түрлі сайыстарға қатысамын. Еңбегімді бағалап жатқанына қуаныштымын. Өз ұжымымды мерекемен құттықтаймын.

“Үздік педагог” атағы Нәзира Сыздықовадан бөлек тағы 7 мұғалімге берілді.
Ал Клара Балабековаға «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісі табыс етілді. Нәзікжанды С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясында биология пәнінен сабақ береді.

Клара Балабекова, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының биология пәні мұғалімі:

Балаларға білім беріп қана қоймай, тәрбиелеймін. Адалдыққа, шығармашылыққа, кішіге ізет көрсетуге, жауапты болуға үйретемін. Сонда еш жерде қиналмайтын болады. Жақсы адам болып өседі.

Одан кейін білім беру ісінің қос бірдей Құрметті қызметкері қошеметке бөленді. Тағы 2 ұстазға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал Петропавл құрылыс-экономика колледжінің оқытушысы өңір басшысының Алғыс хатына ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

Маржан Касымбек