Балалар

Шаһарда “Жастар мен уақыт” зияткерлік клубы ашылды

Зияткерлік клубтың ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған іс-шараның шымылдығын Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің шәкірттері ашпақ. Олар кітапханаға жиылған қауымға “Мен жастарға сенемін” қойылымын ұсынды.

Зияткерлік клубтың мақсаты – телефонға телмірген жастарға рухани азық беру, ана тілінен алшақтағандарға тілдің құдыреттілігін түсіндіру. Бүгінгі кеште қазақ әндері шырқалды, ұлттық аспаптың жан тебірентер үні әуеледі.

Бүгінгі жиынға Сәбина Нұрпеисова қатарластарымен келіпті. Құрылыс-экономикалық колледжінің студенті мұндай іс-шараларға бейжай қарамайды екен. Себебі, бұрымды ана тіліміздің қанатының кеңге жайылып, тамырының тереңдеуіне үлес қосқысы келеді.

Сәбина Нұрпеисова, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Клуб жастарды, жалпы қазақ халқын отансүйгіштікке шақырады деп ойлаймын. Қазақ тілін дамыту, елімізді әлемге таныту біздің парызымыз деп есептеймін. Кеште қазақ халқының аспаптарында түрлі туындылар орындалды. Бұл – біздің рухани байлығымыз. Соны ұмытпауымыз қажет.

Іс-шараға студенттерден бөлек, өрт сөндірушілер мен Әскери институттың курсанттары да қатысты. Жастар өзара сынға түсіп, “Солтүстік өлкенің аңыздары” тақырыбында сайысқа түсті. Яғни, өңіріміздің тарихына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді, ой бөлісті. Мұндай басқосуды кітапхана ұжымы «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесімен бірлесе алдағы уақытта да ұйымдастырмақ.

Сәлімхан Сәбитов, «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Клубта әр түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі. «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесі әрдайым кітапханалармен бірлесе жұмыс жасайды. Жастармен кездесіп, білікті мамандар тәжірибесімен бөліседі. Жастардың арасында әділдік, сенім, парасаттылық деген қағидаларды насихаттайды.

Алдағы уақытта зияткерлік клубында мәдени-бұқаралық іс-шараларды кеңінен өткізу жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев