Құқық қорғау органдары

Өңірде жыл басынан бері 50-ге жуық көлік ұрланған

Жыл басынан бері өңірде 48 темір тұлпар жоғалған. Жедел іздестіру шаралары барысында ұрлық фактілерінің 94 пайызы ашылған. 3 көлік әлі күнге дейін табылмапты.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Көлік ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға азайды. Бұл – профилактикалық шаралардың нәтижесі. Полиция қызметкерлері автотұрақтар мен жөндеу орындарында рейд шараларын жиі өткізіп жүр.

Кей жағдайларда баукеспелер полицейлердің құрығына түспес үшін көліктерді шекара асырып жібереді екен. Ресейлік мамандардың көмегімен осыған ұқсас 5 қылмыстың беті ашылған.

Жоғалған 5 темір тұлпар елге қайтарылып, қалалық әкімдіктің арнайы тұрағына қойылыпты. Яғни, жақын арада қожайындарына табыс етіледі.
Онлайн-кездесуде есірткі қылмысымен күрес жайлы айтылды. Екеуара әріптестіктің арқасында ақпанда өңірімізде ірі зертхана әшкере болды. Жамбыл ауданында тұратын жанұя өз үйінде синтетикалық зат әзірлеп келген. Олар тауардың облыс орталығынан алдыртса, қажетті құрал-жабдықтарды Ресейден сатып алған көрінеді. Осылайша, көрші ел мамандарының назарына түсіп қалады. Ресейлік полиция қызметкерлері бірден жергілікті тәртіп сақшыларына хабарласыпты. Жедел іздестіру барысында жаңағы аталған қылмыскерлер құрықталды. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында есірткі қылмысына қатысты 8 факті тіркелген.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– ТМД елдерінің арасында халықаралық жедел профилактикалық шара өтіп жатыр. Ресей Федерациясының 8 қылмыскері ұсталды. Ол мемлекеттен ізделіп жатқан біздің 3 солтүстікқазақстандық анықталды.

Жиын барысында Түмен, Омбы, Свердлов облыстарының құқық қорғау органдарының өкілдері бірқатар ұсыныс білдірді. Аталған қылмыс түрлерінің алдын алу мақсатында жүргізілетін шараларды жетілдіру қажеттігі жайлы айтылды.

Маржан Касымбек