Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік мекемелер мүгедектер үшін қаншалықты қолжетімді?

Өңірде жарымжан адам үшін алынбас қамалдай боп көрінетін нысандардың саны көбеймесе, азаймай тұр. Сорақысы сол, түрлі бұзушылықтар әлеуметтік маңызы бар мекемелерде жиі кездеседі. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Гүлнәр Халықованың айтуынша өңірдегі сот ғимараттарының барлығында бірдей пандустар тиісті талапқа сәйкес келмейді екен. Кейбір жерде қоңырау түймесі орнатылмаса, кейбірінде әжетханалар мүгедектер үшін жарақталмаған.

Гүлнәр Халықова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Есіл аудандық сотының алдындағы пандус қолдануға жарамайды десек те болады. Сот отырысы залы екінші қабатта орналасқан. Бұл арбаға танылған адамдар үшін мүлдем ыңғайсыз. Бірақ, бейнебайланыс арқылы отырысқа қатысуға болатын фронт-офистері бар екен. Ал сот ғимаратындағы әжетхана туралы сөз қозғамаса да болады.

Мониторинг жүргізілген уақытта Есіл ауданындағы сот ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары енді басталған екен. Сол кезде сот төрағасы нұротандықтарға барлық ескертулер назарға алынады деп уәде еткен. Жұмыс нәтижесі келесі тексерісте белгілі болмақ. Енді Жамбыл ауданындағы жағдайға ауысайық. Мұндағы сотта пандус деген дүние атымен жоқ екен. Арнайы топ медициналық мекемелерде де болған.

Гүлнәр Халықова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Біз аудандық емханаларды жиі тексереміз. Медициналық мекемелерде соңғы жылдары біраз оң өзгеріс орын алды. Мысалы, нашар көретін адамдар үшін есікке сары қағаздар жапсырылды, тактильді бағыттағыштар, жылжымалы пандустар, кей жерлерде брайль қарпі пайда болды. Осындай жаңашылдықтар ауылдарға да жетіп жатыр.

Бірақ, бәріне бірдей емес. Бұған мамандар Қызылжар ауданында жүргізген тексеріс барысында көз жеткізген. Чапаево селосындағы медициналық қосында заман игіліктерінің бірде-біреуі жоқ. Тіпті, арнайы топ мекеменің атауы жазылған тақтайшаны да таба алмапты.

Гүлнәр Халықова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Ал Бәйтерек ауылындағы су жаңа акушерлік пункт жарымжандарға ыңғайлы етіліп салыныпты. Пандусы талапқа сай келеді. Өңірімізде мектептер, колледждер күрделі жөндеуден өтіп жатады. Алайда, жылда жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділік мәселесі неге назарсыз қалады деген сұрақ туындайды?

Білім ұялары ғана емес, аудандардағы “Қазпошта” филиалдарында да мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Бұл ретте айта кетейік, егер мониторингілік топ өкілдерінің ұсыныстары орындалмаса, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Осы кезде олқылықтың түзетілмегені анықталса, жауапты тұлғаларға 145 мыңнан 1 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Өңірімізде, әзірге, жауапкершілікке тарту жайты тіркелмепті.

Дана Ешкенова