Денсаулық сақтау

МӘМС аясында стоматологиялық қызмет кімдерге тегін көрсетіледі?

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

Қазір кез келген стоматологиялық орталыққа барсаңыз қарапайым тіс жұлғызудың өзі 3 жарым мың теңге тұрады. Ал егер оны емдеткіңіз келсе, яғни, пломба қойдыртсаңыз кем дегенде 8 мың теңге төлейсіз. Кейбір зейнеткерлер мен көпбалалы аналар үшін бұл сома қалта қағады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері аталған қызмет түрін жеңілдік санатындағы жандар кез келген емханаға барып тегін ала алады.

Алғашқы жәрдем бұрын да тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жасалып келді. Ол кезде тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емханаға ғана барып емделетін. Тісің қақсап, жаныңды қоярға жер таппаған уақытта мұндай қызмет түрі өте ыңғайсыз. Әсіресе, сапарда жүргенде. Бұл ретте айта кеткен жөн, міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында облысымызда ғана емес, еліміздің кез келген өңірінде көмекке жүгіне аласыз.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоспарлы стоматологиялық қызмет 18 жасқа толмаған балалар мен аяғы ауыр әйелдерге тегін көрсетіледі. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1-ші, 2-ші және 3-ші топтағы мүгедектер, зейнеткерлер, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлеріне шұғыл стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.

Енді осы айтылған категориялар бойынша жеке-жеке тоқталайық. Алғашқы аталған жоспарлы стоматологиялық көмек аясында тіске пломба қою, терапевтік қабылдау, пульпитті емдеу, тістердің формасын толық қалыпқа келтіру, сондай-ақ, хирургиялық тіс жұлу, пластикалық жолмен ерін және тіл бөліктерін емдеу секілді қызметтер көрсетіледі.

– Қызымның сөйлеуін ретке келтіру үшін тілінің астындағы жүгеншікті тілдік. Мұнда бізді логопед маман жіберді. 3 балам бар. Стоматологқа жиі жүгінеміз.

– Біз ауданнан келдік. Баламды осымен 3-ші рет әкеліп отырмын. Процедураларды тегін аламыз.

Мұндай процедуралар жеңілдік санатына жататын өзге жандарға көрсетілмейді. Олар емханаға тек шұғыл түрде ғана жүгіне алады. Нақтырақ айтсақ, тіс ауырғанда, ісігенде, ірің пайда болғанда келіп тегін емделеді.

Елена Алишева, облыстық стоматологиялық емхана директорының орынбасары:

– Біздің емханада атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, кембағал балаларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға да алғашқы стоматологиялық жәрдем көрсетіледі. Одан бөлек балаларға ортодонтиялық емдеу жүргіземіз.

Айта кеткен жөн қазіргі күні облысымыздағы 38 ұйым сақтандыру аясында стоматологиялық қызмет көрсетеді. Оның 25-сі мемлекеттік болса, қалғаны – жеке меншік клиникалар.

Қарлығаш Ілиясова, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім жетекшісі:

– Қазіргі күні ӘМСҚ деректер базасына енген кез келген стоматологиялық емханада жеңілдік санатына енген азаматтар қызмет ала алады. Мысалы, Астанада жүріп тісіңіз ауырып қалса деректер базасына кіріп қайда баруға болатынын қарай аласыз.

Тағы бір ескеретін жайт, азаматтығын ауыстырған жандардың кейбірінде қос жеке сәйкестендіру нөмірі болады екен. Мұндай адамдар сақтандыру аясында емханаларға жүгіне алмайды. Сол себепті, тұрғындар көші-қон қызметіне жүгініп ескі нөмірді жойғызу керек дейді мамандар.

Бердимурат Баймухан