Мәдениет

Қызылжарға М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры келді

Мәдениет саласына жаны жақын кез келген жан М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрын жоғары бағалайды. Себебі, бір ғасырға жуық уақыт бұрын негізі қаланған қара шаңырақ биік белестерді бағындырды, талай талантты түлетті. Бүгін осы өнер ұжымы қасиетті Қызылжар қаласына ат ізін салып отыр. Сахна саңлақтарын ұлттық киімдегі қылықты қыздар қарсы алды. Шашу шашылып, алыстан келген меймандарға нан мен май ұсынылды. Арнау да шырқалды.

Алматылық меймандар гастрольдік сапарларын Көкшетау қаласынан бастапты. Яғни, Қызылжар – өнер саласының жілігін шағып, майын ішкен әртістер келіп отырған екінші шаһар. Сал-серілердің мекенінде қонақтар көрерменнің ыстық ықыласынан бөленген екен.

Бекжан Тұрыс, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері, Алматы қаласы:

– Көкше жеріндегі гастроліміз өте жоғары деңгейде өтті. Талғамы биік көрермен біздің қойылымдарды қайта-қайта сұрады. 3 рет ойнаған күндеріміз болды. Бүгін келіп отырған актерлердің басым бөлігі – жастар.

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының ұжымы қаламызда қыркүйектің 30-ы мен қазанның 5-і аралығында болады. Өнерпаздар 6 күннің ішінде 6 қойылым сахналамақ ниетте. Алғашқысы “Жүз жылдық махаббат” деп аталады. Жазушы Дулат Исабековтың пьесасында заманынан озып туған ақиық ақын, атақты жерлесіміз М.Жұмабаевтың өмірінен сыр шертілмек.

Бекжан Тұрыс, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері, Алматы қаласы:

– Бұл – қасиетті Мағжанның жері. Ертең шымылдықты “Мағжан” спектаклімен ашамыз. Қызылжардың көрермендерін театрға шақырамын.

“Бес бойдаққа бір той”, “Қара”, “Қоштасқым келмейді”, “Жаужүрек”, “Сыған серенадасы”. Бұл туындылар да талғамы биік көрерменге жол тартады. Қойылымдардың бірнешеуінде жұртшылыққа жақсы таныс Дулыға Ақмолда да өнер көрсетеді. Білікті актер теріскейліктердің театрға деген көзқарастарын жоғары бағалап отыр.

Дулыға Ақмолда, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері, Алматы қаласы:

– Қызылжарға театрмен осыдан 20 жылдай уақыт бұрын келдім. Бұл жердің көрерменін ерекше бағалаймын. Театрға деген көзқарастары ерекше. Кезінде осы қасиеттеріне тәнті болғам.

Айта кетейік, көрермендер алматылық сахна шеберлері ұсынған қойылымдарды Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында тамашалай алады. Билеттер аталған өнер ордасының кассасында сатылады.

Байболат Култанов