Қоғам

Ардагерлерге 100 мың теңгеден табыс етілді

Анасын баладан, әйелін жарынан, ұл-қызын әкесінен айырған майдан. Арада ұзақ жылдар өтсе де қасіретті күндердің әр сәті Қожатай Некібаевтың есінде. Ұлы Отан соғысының ардагері бозбала шағында қолына қару алып Батыс Еуропа майданына қатысқаны белгілі. Қария жарқын болашақ үшін өз басын қатерге тігіп, бірталай аймақты жаудан азат етуге ат салысты.

Қожатай Некібаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Бізді поездға отырғызып, Шығысқа ала жөнелді. Новосибирь, Красноярск бәрінен өттік. Хабаровске апарады ғой деп ойладық. Иркутсктан өткен соң, военный городокқа апарды. Ол жерде 386-полк бар екен. Сол жерде бізге солдаттың киімін берді. Стройға тұрғызып, кім қай жаққа барғысы келетінін сұрады.

Ұлы Отан соғысынан кейін талай жанның өмірін жалмаған Ауғанстан жеріндегі ұрысты да ұмыту мүмкін емес. Виктор Баканов қанды қырғынға 86-шы жылы аттанған екен. Порван провинциясына тап болып, 45-ші инженерлік-саперлік полкқа түскенін айтады.

Виктор Баканов, Ауған соғысының ардагері:

– Майдан бойы камазда қызмет еттім. Шынымды айтсам, соғыс жайлы айтқым да келмейді. Атыс-шабыс, көз алдымызда қаншама жан мерт болды. Біздің звод құрамындағы жақын жолдастарымыздың құрбан болғанын да көрдік. Айтпақ түгілі, еске алғанда да жаның ауырады. Енді соғыс болмаса екен деп тілейміз.

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Қаһармандардың ерен еңбегі бүгін тағы бір мәрте еленді. Қарттарды қолдау айлығы аясында Ұлы Отан және Ауған соғысының 30-дан астам ардагеріне 100 мың теңгеден табыс етілді.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Республикалық Ауған ардагерлері одағы бастығының 3 орынбасары мен Ресей елшілігінен 3 адам келіп отыр.Бүгінгі күні айлық басталып отыр. Сол жөнінде облыс әкімінің орынбасары Сақыпкереевтің бастамасымен комитеттің отырысы өтті.Осы айлықта алдымызға қойып отырған міндетіміз – әрбір ардагердің үйіне барып, қандай мұқтажы бар екенін біліп, көмек көрсету.

Айта кеткен жөн, бүгінде облыс аумағында 105 мың қария бар. Оның 23-і – Ұлы Отан соғысының ардагері.

Алтынай Казиканова