Қылмыс

Бидай сатқан қос комбайншы ұсталды

Бидай ұрлығы айлы түнде жасалыпты. Оңай жолмен табыс табуды көздеген қос комбайншы адам қарасы азайған шақта КАМАЗ көлігімен келген сыбайластарына 10 тонна 800 келі өнімді құйып берген екен. Жүк көлігі таңғы 6 шамасында «Қайранкөл-Украинское» автожолында учаскелік полиция инспекторымен тоқтатылған. Жүргізуші ешбір құжаты жоқ жүкті Пресновка селосы маңындағы алқаптан сатып алдым деп түсіндіріпті. Тергеп-тексеру мен жедел-іздестіру іс-шарасы барысында астықтың ұрланғаны мәлім болған.

Азамат Құсайынов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Комбайншылар 11 тоннаға жуық бидайды аудан тұрғынының біріне 200 мың теңгеге сатқан. Бидай ұрлаудан келтірілген шығын 1 млн теңгені құрады. Ұрлық фактісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты міндетті түрде келу туралы мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Ұрланған астық алынып, иелеріне қайтарылды.

Аталған факті бойынша қозғалған іс сотқа жолданыпты. Айта кетейік, бұл – «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған ең ірі ұрлық оқиғаларының бірі. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Ғабит Мүсірепов пен Тайынша ауданында тіркелгенін хабарлаған болатынбыз. «Астық» жедел-алдын алу акциясы өңірімізде орақ науқаны аяқталғанға дейін өткізіледі.

Байболат Култанов