Балалар

Студенттер колледж маңын абаттандырды

Күннің суықтығына қарамастан жастар қолдарына күрек пен шелек алып, колледж маңын абаттандыруға білек сыбана кірісіп кетті. Ағаш отырғызуды ғимараттың алдынан бастады. Экологиялық акцияға 4-ші пен 1-ші курс студенттері қатысып жатыр. Мұндай шара Гуманитарлық техникалық-колледжде жыл сайынғы дәстүрге айналған екен. Яғни, жоғары курс студенттері жаңадан оқуға түскен жастарға игі істер эстафетасын табыстайды.

Біз волонтерлік эстафетасын 1-ші курстың студенттеріне табыстаймыз. Алдағы уақытта да түрлі игі шаруаларды бірлесе атқарып, білген-түйгенімізді үйретеміз.

Экологиялық акцияға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бұл бізді біріктіре түседі.

Жақында колледж басшылығы нысан маңындағы ескі ағаштарды кескізіп тастаған. Себебі, олардың өсіп тұрғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен екен. Жасыл желек шіріп, ортасында қуыс пайда бола бастапты. Қатты жел соққанда кейбіреуінің бұтақтары сынып кеткен екен. Олардың орнында енді су жаңа талдар өседі.

Ирина Дубинец, Гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары:

Нысанның іргесінде үйеңкі көп өсті. Оның қалың жапырақтарынан күн сәулесі өтпей, қабырғалар дымқылданып, ғимараттың қасбеті бұзыла бастады. Құрылысшылар бізге оларды кесіп тастауға кеңес берді. Үйеңкінің орнына енді гүл егеміз.

Экологиялық акция ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Бүгін студенттер колледждің ауласына 60-тан аса жас тал екті. Ол – сүмбіл терек, қарағай мен жөке ағаштары.

Бердимурат Баймухан