ТЖ

СҚО-да жыл басынан бері 500-ден астам өрт оқиғасы тіркелді

Облыс аумағында жыл басынан бері 500-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Тілсіз жаудың салдарынан 39 адам көз жұмған. Мамандардың сөзінше, оқыс оқиғалардың 70 пайызы тұрғын үй секторында орын алыпты. Оқыс оқиғалар, әсіресе Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Ғабит Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында көбейген. Ал Мамлют ауданында өрттің саны өткен жылға қарағанда 30 пайызға төмендеген. Биыл 14 факті тіркеліпті. Қаңтар айында бас көтерген қызыл жалыннан 1 адам көз жұмған. Өрттің шығу себебі – пешті дұрыс қолданбау. Отқа немқұрайлы қарағанның салдарынан 17-ші қыркүйек күні Петропавлдағы Борки кентінде де төтенше жағдай тіркелді.

Владимир Хутинаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

Қызыл жалынның құрбанына айналған адамға жуырда ота жасалған екен. Туысқандарының айтуынша, марқұм төсекте жатып темекі шеккен. Соның салдарынан қайғылы жағдай орын алып отыр. Өрттің жалпы аумағы 41 шаршы метрді құрайды. Айта кетерлігі, оқыс оқиғалардың басым бөлігі отқа немқұрайлы қарағаннан және алкогольдік ішімдік ішкеннен орын алып жатады.

Бердимурат Баймухан