Көлік және жолдар

СҚО-да 170-ке тарта адам жүк тасымалдау ережесін бұзған

Қазір өңірімізде астық орылып, камаз-камаз өнім элеваторларға тасылуда. Инертті материал артқан жүк машиналарын да жиі байқаймыз. Олар тақтайдай тегіс жолды бүлдіруі мүмкін. Сондықтан, мұндай темір тұлпарлар – тәртіп сақшылары мен көліктік бақылау инспекциясы өкілдерінің жіті бақылауында.

Оңтүстік бақылау бекеті маңында көліктердің бірі тоқтатылды. Қазір мамандар Сергей Пракопченко тізгіндеген ауыр жүк машинасын тексеруде. Полицейлер жүргізушінің тиісті құжаттарының бар-жоғын қарап, темір тұлпарды таразыға тартуда.

Заңға сәйкес, бұл көлікпен 40 тоннаға дейінгі жүк тасуға болады. Ал, бүгін теріскейлік азамат 21 тонна тауар тиеп, Екібастұз қаласына бара жатыр екен. Жүргізушінің құжаттары да дұрыс. Осылайша, Сергей тексерістен сәтті өтті.

Сергей Прокопченко, жүргізуші:

Ережемен жақсы таныспын. Жолға шығар алдында құжаттарымды, артқан жүгімді алдын ала тексеріп аламын. Жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніме 17 жыл болды. Осы аралықта бірде-бір рет ереже бұзбадым.

Ережені біреу білсе, біреу білмейді немесе біле тұра жалпыға ортақ талапқа мойынсұнбайды. Оған статистика дәлел. Жыл басынан бері өңірімізде 170-ке тарта ауыр жүк көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Жауапты тұлғаларға 17 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Дені шамадан тыс дүние артқандары үшін жазаланған.

Рустам Меңлібеков – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы

1 білікке 8 тоннаға дейін жүк артуға болады. Ал, қосалқы екеуіне – 16-17 тоннадан. аспауы тиіс. Айыппұл көлемі субъектінің ірі, кіші, жеке болуына байланысты. Жыл басынан осындай 20-ға жуық рейд өткізілді.

Айыппұл көлемін толығырақ айта кетейік. Жеке тұлғаларға жолдың маңыздылығына қарамастан – 40, кіші кәсіпкерлерге – 80, ал орта бизнес өкілдеріне 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ірі серіктестікке тиесілі көлік шамадан тыс жүк артса, салынатын сомма 200 АЕК көлеміне жетпек. Бүгінде облыс аумағында жылжымалы 3 көліктік бақылау бекеті бар. Үстіміздегі жылы олардың көмегімен 3 жарым мың көлік тексерілген.

Алдияр Айтпаев