Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде орақ науқаны аяқталуға жақын

Бүгінге дейін ел бойынша 15 жарым млн гектар алқаптың астығы жиналған. Бұл – бүкіл жоспардың 97,9%. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерден айналуда. 15 млн тонна өнім қамбаға құйылды, оның 12 млн тоннаға жуығы – бидай.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

– Сондай-ақ, қазіргі кезде көкөністер, картоп, бақша дақылдары және мақта жинау жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, майлы дақылдардың болжамдаған жалпы түсімі – 18 млн тонна. Орташа шығымдылығы гектарына 9,5 центнерді құрайды. Дәнді және дәнді-бұршақтың көлемі – 16 млн тонна. Орташа шығымдылығы 10,1 центнер болайын деп отыр.

Жалпы, ел бойынша егін жинау жұмыстары келесі аптада аяқталуы тиіс. Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4 млн гектардан астам жерге егін егілген. Күндіз-түні бел жазбай еңбек етіп жатқан облыс аграршылары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинап бітуге шақ қалды. Орташа гектар берекелігі – 11 центнер. Жоспар, әзірге, 98 пайызға тындырылды. Элеваторларға жеткізілген алтын дәннің көлемі 3 млн тоннадан асып жығылады. Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше биыл елімізде астық тапшылығы болмайды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

Республикада былтырғы жылдан қалған астықтың көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды. Оның 2,8 млн тоннасы – бидай. Астықтың күтілетін жалпы мөлшері және былтырғы жылдан қалған астықты есептегенде еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы айтып кету қажет. Түрлі қауесеттер жүріп жатыр бағаға қатысты. Алайда, барлығы жеткілікті болғаннан кейін ешқандай проблема болмайды.

Ендігі кезекте жиналған астықтың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету қажет. Осы ретте елдегі қоймалардың сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды. Соның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарына 12 млн тоннадан астам дән сыяды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

Бүгінгі күні лецензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті. Олардың 2,2 млн тоннасы – бидай. Түскен бидайдың 91 пайызы 1,2,3-ші сыныпқа жатады. Сапалы бидайдың үлесі 71 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров егін орумен қатар мал азығын дайындау барысы да қызу жүріп жатқанын айтты. Бүгінде ел бойынша 23 млн тоннадан астам шөп әзірленген.

Дана Ешкенова