Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен 11 дәріхана келісімшарт жасасқан

Күн суытып, тұмау маусымы басталды. Коронавирустан аузы күйген жұрт аурудың бірден алдын алу үшін тиісті препараттарды қабылдауда. Осы ретте пандемия дәрі-дәрмектің құнына әсер етпей қоймағаны рас. Дегенмен, қаладағы 6 ұйымда дәріні өзге жерге қарағанда 20, тіпті, 50 пайызға дейін арзанға сатып алуға болады.

Тоқсан би, 37 мекен-жайындағы дәріханаға жиі келіп тұрамын. Қажет дәрі-дәрмекті осы жерден сатып аламын. Бағасы өзгелеріне қарағанда әлдеқайда арзан.

Вирусқа қарсы, дене қызуын түсіретін дәрілердің төмен бағамен сатылатыны өте жақсы. Өйткені, қазір дәрі-дәрмектің құны күйіп тұрғаны жасырын емес.

Мұндай жеңілдікті касса алдындағы қызғылт сары қағаздан білуге болады. Парақта дәрілердің атаулары мен бағасы көрсетілген. Мәселен, парацетомол мен цитромон – 65, аспирин 40 теңге тұрады. Ал, тұмауратып қалған кезде көмекке келетін дәрілердің бірі 1290 теңгеден сатылуда.

Алма Закирьянова, фармацевт:

Дәріханамызға түрлі жастағы жандар келеді. Бірі балаларының ауырып қалғандығын айтады. Сондай кезде: “Қандай препаратты қолданған жөн?”,-деп сұрайды. Оларға белгілі бір сиропты ұсынамыз. Бағасы қолжетімді әрі аурумен жақсы күреседі. Жалпы, құны төмен препараттардың барлығы – ең қажетті деген дәрілер.

Еске сала кетейік, тәж вирусы белең алған шақта дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, бағалары шарықтап кетті. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Өйткені, былтыр «NordFarmMarket» серіктестігі бағаны тұрақтандыру қорымен келісім-шартқа отырған болатын. Яғни, өңірде антибактериалды және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің 21 түрі біршама төмен бағамен сатылуда.

Мұрат Жәкенов, «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

2020 жылы 122 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алдық. Жобаның жалпы құны 250 млн теңге тұрады. Қорда биылға және келесі жылға жететіндей препарат бар деп сеніммен айта аламын. Өнімдердің басым бөлігі Ресейден, атап айтсам, Екатеринбург пен Хабаровскіден әкелінген.

Қолжетімді бағамен сатылатын дәрілердің ішінде Алматы, Шымкент қалаларында өндірілген препараттар да бар.

Алтынай Казиканова