Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Алтынай Қазиқан, тілші:

– Көптен күткен жәрмеңке сағат 8-де басталып кетті. Демалыс күніне қарамастан ауылдың құрт-майын, етін сағынып сатып алуға келген қалалықтардың қарасы қалың. Сондай-ақ, бұл жерден азық-түліктен бөлек, жем-шөпті де арзан бағамен сатып алуға болады.

Жұмабаев көшесінде қаз-қатар тізілген шатырлардың маңында ине шаншитын жер жоқ. Келушілер табиғи таза өнімдерді алуға асық. Өйткені, жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары дүкен-базардағыдан 15-20 пайызға арзан. Тұрғындар бұған дән риза, мүмкіндікті жіберіп алмай, тоңазытқыштарын балғын өніммен толтыру үшін келгендерін айтады.

– Қой сатып алдық. Енді қымыз алайын деп тұрмыз. Сүт, қаймақ аламыз. 3 мыңға сары май алдым. Бағалары қымбат емес, жақсы.

– Мен қаймақ пен ірімшік сатып алдым. Ірімшіктің дәмі тіл үйіреді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі көптен бері болмап еді. Бүгінгісіне асыға келдік.

– Біз Астанадан қонаққа келіп отырмыз. Өнімдердің бағаларын салыстырып көрейік деп келіп отырмыз. Қой алмақшымыз. Бағасы 2100-ден екен.

Жәрмеңкеге облыс орталығы мен бүкіл 13 ауданның өкілдері қатысуда. Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен олардың бағасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов байқап шықты. Саудагерлердің барлығы жәрмеңкеге мықтылап дайындалған екен. Алыстан ат терлетіп келген тайыншалықтардың бірі 400 келі ірі қара етін әкеліпті. Бағасы 1500 теңгеден басталады.

Ермұқан Қалиақпаров:

– Алабота ауылдық округі 2 бас сиырдың етін әкелдік. Бағалары 1900-1800-1700 теңгеден. 200 келідей саттық. Бәріне сан, жұмсақ ет керек.

Жеміс-жидек, көкөніс, балдың түр-түрі, жұмыртқа, ет пен сүт өнімдері. Жәрмеңкеден қалағаныңнын барлығын табуға болады. Ең бастысы – бағасы қолжетімді. Мәселен, ірімшіктің келісі – 700, май – 3 мың, қаймақтың 1 литрі – 1400 теңгеден.

Қарлығаш Усманова:

– Біз Мамлют ауданынан келіп отырмыз. 2 округ қосылып 500 келі ақ әкелдік: 70 келі сары май, 10 литр қаймақ пен 50 литрдей сүтті сатылымға шығарып отырмыз. Бұдан бөлек, 30 келі тауық еті бар. Келісі – 950 теңгеден, ал үйрек еті 1200 теңге тұрады.

Жалпы, үстелдерге 40 мың литр сүт пен 50 тонна ет өнімі қойылды. Одан бөлек, 400 тоннадан аса жем мен 300 тонна шөп әкелінген.

Талғат Наурызбаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл жәрмеңкеде сәбіз, қырыққабат 90 теңгеден сатылуда. Шөптің тоннасы – 15 мыңнан, сабан – 5 мыңнан, ал жемді 50 мың теңгеден сатып жатырмыз.

Карантиннен кейінгі алғашқы жәрмеңке қалалықтар үшін мейрамға айналғандай. Дегенмен, қауіпсіздік ережелері де ұмыт қалмады. Жанашыр жандар тегін маска таратты.

Алтынай Казиканова