Білім

“Кәсіпкерлік және бизнес негіздері” пәнінің келешегі бар

Жеке кәсіп ашып, нәпақа табамын дейтін жастар баршылық. Бірақ, бәрі бірдей бизнестің қыр-сырын біле бермейді. Осы орайда олардың қаржылық сауаттылықтарын артыру мақсатында 2 жыл бұрын білім ұяларында кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні енгізілген болатын. Оның өзі 10 мен 11-ші сынып оқушыларына арналған. Бескөл мектеп-колледжінің мұғалімі Владимир Бабышевтің пікірінше бұл бағытты 5-ші сыныптан бастап меңгеру қажет.

Владимир Бабышев, Бескөл мектеп-колледжінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

Жасөспірімдер кәсіпкерлік ойлау қабілеттерін мектеп қабырғасынан дамытуы керек. Бүгінде кәсіпкерлік негіздері тек жоғары сынып оқушыларына ғана үйретіледі. Менің ойымша, бұл пәнді 5-ші сыныптың оқу бағдарламасына да енгізген дұрыс. Сонда балалардың сабаққа деген қызығушылығы да арта түседі.

Дәл осы мәселені Владимир Бабышев жуырда ғана елордада өткен республикалық форумда көтерді. Жиын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен өткен. Жерлесіміздің бастамасын Тимур Құлыбаев қолдаған. Ол бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтермек.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнін оқыту қалай жүріп жатқанын жіті қадағалайды. Қазақстанда мектеп партасынан бастап ерекше бизнес-орта қалыптасып жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ел экономикасы үшін маңызды. Оның ауқымын кеңейту үшін ұсыныстарыңызды зерделеп, Білім және ғылым министрлігімен талқылаймыз”.

Сөз соңында айта кетейік, бүгінде аталған пән облыста 200-ден астам мектепте оқытылып жатыр.

 Дана Ешкенова