МТРА жаңалықтары

Ауылдық округ әкімдері сайланды

Валентина Гончарова – Бескөл ауылының тұрғыны. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария аудан орталығы күннен-күнге көркейіп келеді, бірақ әлі шешімін таппаған мәселелер бар дейді. Зейнеткер елді мекеннің тазалығына одан әрі көңіл бөлінсе деген ниетте. Жерлесіміз ауылдық округ әкімі атанғысы келетін 4 кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныса келе, осы түйткілге назар аударған үміткерге дауыс беріпті.

Валентина Гончарова, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен Театр көшесінде тұрамын. Бұл көшеде тұратындардың басым көпшілігі – мен сияқты зейнеткерлер. Баршамызды қоқыс шығару мәселесі алаңдатады. Бұған дейін арнайы жәшіктер қойылып еді, кейін оларды алып тастады. Қалдықты қайта тастарымызды білмейміз. Біз тазалық орнағанын, қоқыстың уақытылы шығарылғанын қалаймыз.

Аудандық Мәдениет үйіне Валентина Гончарова сияқты бескөлдіктер таңертеңнен бері келіп жатыр. Бұл жерде №269 сайлау учаскесі орналасқан. Тұрғындар ішке карантиндік талаптарға сәйкес кіргізіледі. Ал, залдағы мамандар әр келушіні қарсы алып, жеке деректерін тіркейді, жасырын дауыс беруге арналған кабинаға жібереді. Кейін бюллетень жалпыға ортақ жәшікке тасталады.

Сара Алдаева, №269 сайлау учаскесінің төрайымы, Қызылжар ауданы:

– Сайлау таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін өтеді. Учаскеде барлығы 1625 сайлаушы бар. Оның 4-еуі тұңғыш рет дауыс береді. 18 сайлаушы денсаулықтарына байланысты өтініш білдірді. Оларға арнайы сайлау жәшігі апарылады. Учаскеде санитарлық талаптар сақталуда.

Сайлау әділ өтуі тиіс. Сондықтан, әр учаскеде бақылаушы бар. Мысалы, Достық үйіндегі саяси доданы Зарина Өтенова жіті бақылап отыр.

Зарина Өтенова, №269 сайлау учаскесінің бақылаушысы, Қызылжар ауданы:

– Ауыл тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Орталық таңғы 7-де ашылды. Бәрі жақсы өтуде. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ.

Ал, бұл – №2 Бескөл орта мектебі. Мұнда тағы бір сайлау учаскесі орын тепкен. Жоспар бойынша білім ұясында 1344 адам дауыс беруі қажет. Бірсыпырасы күндізгі 11-ге дейін таңдау жасады. Бескөлдіктер сайлаудың жаңаша форматта өткеніне қолдау танытуда.

– Ауыл әкімдерін халық сайлағаны дұрыс. Халық өздері білетін адамды сайлайды. Осылайша бірге жұмыс істейді.

– Барлық әкіммен таныспын. Лайықты әкім сайланып, біздің ауылымызды көркейтеді деген сенімдемін.

Айта кетейік, елімізде дәл осындай сайлау шілдеде ұйымдастырылды. Осы орайда, “сол кезде қос атқамінер неге көп ішінен таңдалмады” деген заңды сұрақ туындайды. Мұның өзіндік себебі бар. Қазақстандағы ауылдық округ әкімдерінің басым көпшілігінің өкілеттік мерзімдері жаздың екінші айында аяқталған. Ал, бұл уақытта жерлестеріміздің бірінің әлі де қызмет ету мүмкіндігі болған. Ол жақында ғана орнын босатыпты. Екіншісі жуырда өз еркімен жұмыстан кеткен екен. Міне, осы себепті Қызылжар ауданында саяси дода ұйымдастырылып отыр. Бүгін таңертең қорытындысы жария етілді. Енді Бескөл ауылдық округін 29 жастағы Қанат Дарбаев басқармақ. Ал, Құйбышев ауылдық округіне 65-ші жылы дүниеге келген Лариса Викторович жетекшілік ететін болады.

Байболат Култанов