Ауыл шаруашылығы

СҚО-да негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 24 пайызға артқан

Үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде өңіріміздің негізгі капиталына құйылған инвестициялар көлемі 24 пайызға өсіп, 182,5 млрд теңгені құраған. Инвестицияны игеру бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы сынды салалар көш басында тұр. Енді жекелей тоқталайық. Агросекторда өндірілген өнімінің жалпы көлемі 240 млрд теңгеден асады. Мал-құстың 63,7 мың тоннасы тірідей союға өткізілсе, 455 мың тонна сүт сауылыпты.

Сонымен қатар, 341,6 млн дана тауық жұмыртқасы алынған екен. Тамақ өнімдерінің өндірісі 8,5 пайызға өсті. Ал, бөлшек-сауда көлемі 167 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде азық-түлік тауарларының үлесі – 38,9, азық-түлік емес тауарлар – 61,1 процент. Облыста құрылыс саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантады. Қаңтар-тамыз аралығында 681 ғимараттың құрылысы аяқталған. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 104,2 мың шаршы метрді құрайды.

Алтынай Казиканова