Мәдениет

Петропавлда зейнеткерлерге арналған орталық ашылды

Кестеге сәйкес қазір – вокал сабағы. Қатысушылар дәрісті бастамас бұрын дәл осылай жаттығу жасап, дауыстарын дайындайды. Оған шамамен 5 минут уақыт кетеді. Кейін зейнеткерлер әннің өзін айтуға кіріседі.

Курстың басталғанына 2 айға жуық уақыт өтіпті. Нәтижесін өздеріңіз естіп тұрған боларсыздар. Зейнеткерлер бұлбұлша ән салып жатыр. Нағыз өнерпаздардан асып түспесе, кем емес.

Елена Бартель:

– Соңғы рет мектепте, 5-ші сыныпта ән айтқан шығармын. Одан кейін музыка саласын меңгеру ойыма да келген жоқ. Орталық жайлы құрбым хабарласып айтты. Басында келуге жүрексіндім. Қолымнан келмейді деп қорықтым. Алғашқы сабақтан соң ән айтуға деген қызығушылығым оянды.

Сабақ аптасына 5 рет ұйымдастырылады. Қатысушылар күніне 1 сағат ән айтумен айналысады. Зейнеткерлерге музыканың қыр-сырын Абай Кузембаев үйретіп жатыр.

Абай Кузембаев, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының оқытушысы:

– Бастапқыда зейнеткерлермен жұмыс істеу қиын болды. Көбісі қателесуден қорқып, өзінің талантын толық ашпайтын. «Ән айту маған жараспайды, менің дауысым жоқ» деп тартыншақтанатын. Көп уақыт өтпей барлығы іштегі үрейін жеңді. Қазір ноталарды түсініп, әннің ырғағына қалай түсу керектігін үйренуде.

1 айдан кейін қатысушылар Қарттар күніне арнап шағын концерт ұйымдастырмақ. Шараға бірнеше нөмір әзірлеп жатыр. Ән айтады, би билеп, заман игіліктірінің тілін үйренеді.

Орталыққа келушілердің барлығы халық санағынан өздері өтеді. Осыған дейін тек батырмалы телефонды қолданған Валентина Куклина қазір ғаламторды жаңғақша шағатын болған. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы.

Валентина Куклина:

– Бір ай бұрын сенсорлы телефонды қалай қолдану керектігін білмедім. Біреуге хабарлама жазудың өзі қиын сияқты көрінетін. Егер қаласаң бәрін тез үйреніп алуға болады екен. Қазір Instagram, Facebook пен Whatsapp-ты меңгердім.

Орталық 120 адамға шақталған. Қазірге келушілердің саны 80-нен астады.

Дархан Баяхметов, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының оқытушысы:

– Әр қатысушының бойында бұрын ашылмай қалған қасиеті бар. Біз сол жасырынып қалған таланттарды ашып, ескі арманды жандандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егде жастағы жандар белсенді болса, жастарға да үлгі.

Қала тұрғындары өз қалаулары бойынша спорт секцияларына да қатыса алады. Бассейнге барып, жүзуді үйренуге мүмкіндіктері бар.

Маржан Қасымбек