Білім

Өңір делегациясы тамшылатып суару технологиясын меңгеріп қайтты

Израиль – жер көлемi жөнінен әлемде 147-ші орында тұрған кіп-кішкентай ел. Ауа райы өте ыстық. Жаңбыр сирек жауатындықтан, топырағы да құнарсыз. Мұндай жағдайда өсімдік шаруалығымен айналысу мүмкін емес. Бірақ, жергілікті тұрғындар айналысып, миллиондаған тонна өнім алуда, ішкі нарықты түгелдей отандық тауармен қамтуда.

Осы орайда “қалай” деген заңды сұрақ туындайды. Жауап берейік, израильдықтар технологияның тілін жетік меңгерген. Жақында заманауи әдіс-тәсілдермен Солтүстік Қазақстан облысынан аттанған делегация арнайы барып танысып қайтты. Бір топ маманның ішінде Қозыбаев университеті агрономия және орман шаруашылығы кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Фариза Мұқанова да болған.

Фариза Мұқанова, Қозыбаев университеті кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Израильде өсімдіктердің көбісі тамшылатып суару арқылы өсіріледі. Бұл жүйе ол жақта су тапшы болғандықтан жақсы дамыған.

Израильдықтар мыңдаған гектар алқапты тамшылатып суару үшін жаңбыр суын бір жерге жинайды екен. Кейін, сол жерден құбырлар тартады. Осылайша, тәршілік көзін танаптарға жеткізеді. Арнайы технология бойынша ағатын су міндетті түрде үнемделеді. Заманауи жабдықтар өсімдікке қашан әрі қандай мөлшерде су керектігін автоматты түрде анықтап, сабақ тұсына құяды. Тынайтқыштар да дәл солай. Құбырлардың бойымен сіңіріледі. Мұнымен жерлестеріміз жіті танысыпты. Тәжірибе кезінде мамандар дақылдарды қорғау, азық-түлік сақтау мен жылыжайда көкөніс, жеміс-жидек өсірудің әдіс-тәсілдерін де меңгерген. Сапар соңында әр қатысушыға сертификат табысталыпты.

Фариза Мұқанова, Қозыбаев университеті кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Курстан алған ақпараттарды студенттерге, магистранттарға жеткізіп, үйрететін боламыз. Оқытушыларға шағын курстар ұйымдастарымыз. Алған білім алдағы уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуға мүмкіндік береді. Мүмкіндік болса тамшылатып суарудың әдіс-тәсілдерін игеріп көргіміз келеді.

Айта кетейік, Израильға Қозыбаев университетінің оқытушыларынан бөлек, өңіріміздегі агроқұрылым өкілдері де барып, біліктіліктерін арттырған.

Байболат Култанов